Астықтың тоннасынан 500 мың теңге табыс алу: Қостанайда бидайды тереңдетіп өңдемек

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов астықты терең өңдеу бойынша іске асырылып жатқан жобаның әлеуетіне қатысты түсінік берді.

бидай, астық
Фото: АШМ

Өңір әкімі өнімді терең өңдеуді дамытуға қатысты Мемлекет басшысы тиісті тапсарма бергенін еске салды.

Бұл тұрғыда Қ. Ақсақалов астық өңдеу жобасына тоқталды. Мәселен, қазір астықты шетелге сатқан кезде, оның құны тоннасы шамамен 90 000 теңгені құрайды.

— Ал облыста құрылысы басталған зауыттың қуаты 415 000 тоннаға жетеді. Жоба құны 70 миллиард теңгеден асады. Бұл зауытта астықты терең өңдеу ескерілген, — деді облыс әкімі Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Өңір басшысы қазіргі кезде астықты өңдеу негізінен бірінші кезеңмен, яғни ұн өндірумен шектелетінін айтты.

— Бір тонна бидайдан орта есеппен 750 келі ұн алынады. Өкінішке қарай, өңдеу процесі осымен ғана шектеліп келеді, яғни ешкім оны тереңдетіп өңдемейді. Бұл ретте, оны әрі қарай өңдеуге екпін қойып отырмыз. 750 келі ұннан 450 келі крахмал және 70 келі глютен алу керек», — деп түсіндірді әкім.

Оның сөзіне қарағанда, әрі қарай өңдеу арқылы 450 келі крахмалдан 110 келі биоэтанол және 70 келі лизин алуға болады.

— Сондықтан бір тонна астықтан 250 келіге дейін экспортқа бағытталған және жоғары кірісті өнім алу мүмкіндігі бар. Атап айтқанда, бидай күйінде сатсақ, тоннасы 90 000 теңгеге өтеді. Бірақ оны тереңдетіп өңдесек, бағасы 500 000 теңгеге дейін көтеріледі, — деді Құмар Ақсақалов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл Қостанай облысында 7 млн тонна астық жиналды

Соңғы жаңалықтар