Астрахандық жазушы Г.Васильев «Хан Бөкей» тарихи романын аяқтап шықты
АЛМАТЫ. 23 қыркүйек. ҚазАқпарат - Белгілі ресейлік жазушы Геннадий Васильев «Хан Бөкей» тарихи романын жазып шықты. Бұл туралы Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы хабарлады.
Кітапта қазақ ханы Бөкейдің тағдырындағы Астрахань губерниясының рөлі, 1801 жылы көктемде император Павел I соңғы жарлығы бойынша Еділ мен Жайық өзендерінің арасына Кіші жүз қазақтарының қоныс аударуы туралы баяндалады.
Автордың айтуынша, ол кезде Бөкей хан біраз жасқа келген, Ресейге үмітпен де, қауіппен де қарайтын сақ адам еді. Оның Жайықтан өтіп, Ресей бодандығын алу туралы ниетіне сол кездегі көзқарас әр алуан болды, тіпті оның туған бауыры Қаратай сұлтанның өзі оған өлтіремін деп сес көрсеткен болатын. Осы қиын уақытта Бөкей хан Астрахань казак полкінің командирі, полковник Павел Попов тарапынан түсіністік табады. Осылайша екі түрлі мәдениеттің иелері өз халықтарының ішкі дүниесіне терең үңіліп, сол бір қысылтаяң кезеңде екі халық үшін де маңызы зор - қазақтарды Ресейге қоныстандыру туралы шешімге келеді. Ресей өз өнеркәсібі үшін шикізат алса және шығыс шекарасын бекітсе, қазақтар басқа халықтардың қол сұғуынан арылды. Осы ортақ іс Бөкей хан мен Павел Поповты дос қылды, екеуі де 1815 жылы бірнеше күндік айырмашылықпен көз жұмды.
Бөкей ханның тағдырында 1811 жылдан бастап астрахандық губернатор болған, статтық кеңесші, медициналық алқаның мүшесі Степан Андреевский де үлкен рөл атқарды. «Мені бүгінгі күні, ұстараның жүзіндей сол бір аумалы-төкпелі заманда, өз халқының өзара тартысы мен ресейлік биліктің феодалдық саясатынан Бөкей ханның қалай өткендігі таң қалдырады. Ол күрделі дипломатиялық жолмен халқының толқуын тежеп, ресейлік биліктің қатаң жазалау шараларын ұтымды айналып өтіп отырды», - деп мәлімдеді Г.Васильев, астрахандық журналист Нина Куликоваға берген сұхбатында.
Жазушының айтуынша, ханның осындай қадамға баруына көшпелі халқын отырықшылыққа бейімдедеп, оның рухани және адамгершілік жағынан өсуін армандағаны түрткі болған. Арманында өзінің асқақ халқын жоғары білімді ұлт ретінде көрді, сондықтан да өзінің ұлы Жәңгірді С.Андреевскийдің тәрбиесіне береді. Ол сонда білім алып, көзі ашық саясаткер, ақылды ел билеуші деңгейіне жетіп, әкесінің орнын басып, хан болады.
Г.Васильев осы романды жазуға екі жыл уақытын сарп етті. Мәселе өте күрделі еді: Бөкей ханның тұлғасы екі елдің ғалымдары мен саясаткерлері арасында әлі күнге дейін талас тудырады. Біреулер оны сатқын десе, екіншілері патриот деп баға береді.
Оның пікірінше, Бөкей хан тек Кіші жүздің ғана емес, қазақтардың көпшілігінің тағдырында шешуші рөл атқарды. Ол - қазақ халқының ұлы перзенті. Өз халқын шын ниетімен сүйетін, алыстан болжай білетін саясеткер. XIX ғасырдың басында өз халқын Еділ маңайындағы далаға қоныстандырып, қазақтар мен орыстардың арасындағы көп ғасырлық достықтың негізін қалады. Ол Астрахань жерінде жерленді де.
Тарихи тақырыпқа әдеби шығарма жазу - бұл көп ізденісті қажет ететін, тарихи деректерді сараптаудан өткізуге көптеген адамдарды тарту арқылы келетін ұжымдық еңбек. Маған Астрахань облысындағы қазақ диаспорасының белсенді мүшесі Никита Ысқақов көп қолдау көрсетті. Ол Орал қаласына арнайы сапар ұйымдастырды. Онда жергілікті университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, сондай-ақ Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен тарихи аймақтық мұрағатының мамандары қарсы алып, осы тақырып бойынша мол материалдармен танысуға мүмкіндік берді, деп атап өтті жазушы.
«Бұл кітаптың қазақстандық, сонымен бірге ресейлік оқушыға қажет екендігіне менің еш күмәнім жоқ. Бұл біздің ортақ тарихымыздың бір бөлігі», - дейді Г.Васильев.
Ол бұған дейін қазақтың ұлы композиторы Құрманғазы туралы «Сарыарқа» романын жазған болатын.
«Мен бұл кітапты жазуға құмарта кірістім. Мені қазақ халқының өз тарихын ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткізген дана адамдарының мықты зердесі таңғалдырды», - деді жазушы.