Астықты өңірлердің әр гектары тиімді пайдаланылуы тиіс
АСТАНА. 9 сәуір. ҚазАқпарат - Әлемде жер көлемі бойынша тоғызыншы орын алатын Қазақстанның кен байлығын былай қойғанда ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті де зор. Алайда бүгінде кейбір мемлекеттер ұлтарақтай ғана жерге ие бола тұра, өздерінің егіс алқаптарының өнімдерімен ел ішін қамтамасыз етумен қатар, өзге елдерге экспорттап жатқан жайы бар.
Бұл тұрғыда ауыл шаруашылығы мақсатында Қазақстан да ұланғайыр жерінің жемісін көріп жатқаны сөзсіз. Мәселен, егін бітік шықпаған жылдардың өзінде миллиондаған тонна бидайды сыртқа шығарып, астық пен ұн экспорты бойынша алдыңғы орындардан көріне бастадық. Бірақ, бүгінде мемлекет тарапынан бұл жерді түгендеп, барынша тиімді пайдалану мақсаты қойылып отыр. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2012-2014 жылдарға көзделген айналымға енгізілген ауыл шаруашылығы алқаптарын түгендеу басталған болатын. Былтырғы жылы осы ауқымды жұмыстың бірінші кезеңі аяқталып, соның қорытындысы шығарылды.
Статистикалық деректер бойынша, Қазақстан Республикасының аумағы 272,49 млн. гектарды құрайды, оның 222,24 млн. гектары - ауыл шаруашылығы алқаптарының алаңы, соның ішінде егістік - 29,41 млн. гектар, көпжылдық екпелер - 0,12 млн. гектар, ал шабындық - 5,16 млн. гектар, жайылым - 187,55 млн. гектар аумақты қамтиды.
Өңірлік даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаевтың бүгін Үкімет отырысы барысында келтірген мәліметтеріне қарағанда, жалпы республика бойынша ауыл шаруашылығы алқаптары алаңының 40 пайызы немесе 91 млн. гектары ауыл шаруашылығы айналымына тартылған.
Атап айтқанда, тексерілетін учаскелердің ауқымды көлемін ескере отырып, көрсетілген түгендеуді жүргізу үш жылға бөлінген болатын және өткен жылы бұл жұмыстар 31 млн. гектардан астам аумақта жүзеге асырылған екен.
2012 жылы түгендеу өңірлердің жергілікті жағдайы мен табиғи ерекшеліктерін ескере отырып, жүргізілді. Бұл жұмыстардың аясында Алматы мен Астана қалаларын қоспағанда, барлық өңірлер аумағының үштен бір бөлігін қамтыды. 57 ауданның (жалпы саны 161 ауданның ішінен) және облыстық маңызы бар 5 қаланың (30 облыстық маңызы бар қалалардың ішінен), 800-ден астам ауылдық округтердің (2453 ауылдық округтың ішінен) және 67,5 мың шаруашылық субъектілерінің (220 300 шаруашылық субъектілердің ішінен) алқаптары тексерілген көрінеді.
«Түгендеу жүргізудің барысында аграрлық сектордың жұмыс істейтін шаруашылық субъектілерінің саны бойынша айырмашылық, олардың атауы мен шаруашылық нысандарының өзгеруі, жер учаскелерін пайдаланбау, пайдаланып отырған алаңдардың көлемінің есептік деректерге сәйкес келмеуі, егістіктің көп алаңдарында егіс айналымын қолданбау, суару желілерінің техникалық жай-күйі тиісті деңгейде болмау фактілері, негізінен жайылым алқаптарында суару құрылыстары көздерінің жетіспеушілігіне байланысты проблемалар анықталды»,-деп бірінші вице-министр алғашқы кезеңде анықталған кемшліктерді атады
Енді аталған түгендеудің негізгі нәтижелеріне тоқталатын болсақ, ауыл шаруашылық алқаптарын пайдаланбау фактілері 3 млн. гектардан астам аумақта анықталған, оның шамамен 400 мың гектары егістіктер болып шықты.
«Пайдаланбай жатқан учаскелердің 50 пайыздан астамы, яғни 1,5 млн. гектары алаңындағы шаруа қожалықты жүргізу үшін берілген жерлер құрады. Оның ішінде 407,3 мың гектары - егістік жерлері, соның 200 мың гектары өнімділігі төмен егістер болып табылады»,-деп нақтылап өтті Қайырбек Өскенбаев.
Белгілі болғандай, түгендеу мақсатына қол жеткізу және жер ресурстарын тиімді басқаруды арттыру үшін ҚР Өңірлік даму министрлігі облыс әкімдерімен бірлесіп 2013 жылға арналған тиісті іс-шараларды әзірлеп, бекіткен екен. Осы жоспардың аясында жергілікті атқарушы органдар өңірлердің жер баланстарына өзгерістер енгізу жөніндегі іс-шараларды жүргізді, ауыл шаруашылығы алқаптарының алаңын, құқық иелері туралы мәліметтерді ретке келтірді, сондай-ақ кейін ауыл шаруашылығы айналымына тарту үшін пайдаланбайтын жер учаскелерін мемлекеттік меншікке қайтару жөніндегі жұмыстарды жүргізді.
Министрліктегілердің сөзіне сенсек, пайдаланылмай келген ауылшаруашылық мақсатындағы 3 млн. гектар жер биылдан бастап игеріле бастайды. Бұл тұрғыда олар ендігі мақсат - бұл жерді биылғы жылы ауыл шаруашылығы айналымына енгізу керектігін алға тартып отыр. «Яғни, бұл жерлер былтыр анықталды. Аталған 3 млн. гектардың 800 мың гектары қайтарылды. Осының 63 пайызы ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүрген азаматтарға берілді, 10 пайызы аукцион бойынша сатылды, ал 27 пайызы конкурс аясында инвестиция салуға қауқарлы мекемелерге тікелей берілді»,-деп толықтырды ол.
Аталған ведомствоның пайымынша, пайдаланбай жатқан жерлерді қайтару және кейін оларды айналымға енгізу жөніндегі жұмысты күшейту қажет. Өкінішке қарай, жерлер сапасының нашарлауымен, бұзылған жерлерді қалпына келтірумен күресу жүйелі түрде жүргізілмейді. Осыған байланысты, облыстардың әкімдері аталған бағытта жұмысты жандандыруы қажет, кейбір өңірлерде ауыл шаруашылығы алқаптарын одан әрі тиімді пайдалану үшін егіс айналымын және жайылым айналымын енгізу жөнінде іс-шаралар әзірлеу қажет.
Мәселен, 2013 жылы жерді түгендеу 30,6 млн. гектар алқапта жүргізілмек. Өңірлік жоспарда шамамен 60 аудан, 820 ауылдық округ және 80 мың шаруашылық субъектілері тексерілетін болады.
Премьер-Министр Серік Ахметов Үкімет отырысын қорытындылай келе, «Егер нақты қанша фермерлік шаруашылық бар екенін білмесе, онда әкімдер қалай жұмыс істеп жатыр? Осының салдарынан бізде бақылау мен есептілік те нақты болмайды. Енді жерді түгендеудің екінші және үшінші кезеңінде тағы не анықталатынын көреміз»,-деп атап өтті Үкімет басшысы
С. Ахметов аталған ауқымды шараның тек бірінші кезеңінде Ақмола облысында пайдаланбай отырған 15 мың гектар егістік анықталғанын атап өтті. Солтүстік Қазақстан облысында 100 мың гектардан астам пайдаланылмай келген егіс алқабы белгілі болды. Бұл тұрғыда ол астықты өңірлер болып саналатын Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарындағы әр гектар жер маңызды екенін қадап айтты.
«Бұл бағыттағы басты мақсат - біздің ауыл шаруашылығы алқаптарымыз қандай жағдайда екенін айқындау. Жерді түгендеудің бірінші кезеңінің қорытындысы қабылдайтын шаралардың бағыт бағдарын көрсетіп отыр»,-деп толықтырды С. Ахметов.
Бұдан бөлек, ол бірінші кезеңдегі түгендеудің кемшіліктерін ескере отырып, екінші кезеңде тиісті шараларды қабылдауды, сонымен қатар сәйкес келмейтін мәліметтерді тыңғылықты түрде анықтауды жүктеді.
«Өңірлік даму министрлігіне түгендеуді жалғастыруды, ал облыс әкімдіктеріне пайдаланылмай жатқан әр гектар алқапты айналымға енгізуді, сондай-ақ сумен қамтамасыз ету үшін шалғайдағы жайылымдарды пайдаланудың мәселесін шешуді тапсырамын»,-деп түйді Үкімет басшысы.