Асықтан тұлпар «түйген» суретші - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 30 сәуір, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Асықтан тұлпар «түйген» суретші  - баспасөзге шолу

***

Семейде сайлау учаскелеріне келгендердің ең алғашықысы №42 мектептің оқушысы, 18 жасқа енді толған Нұрсұлтан Назарбаев болды, деп жазады "Егемен Қазақстан" "Нұрсұлтан Назарбаев дауысын Нұрсұлтан Назарбаевқа берді" деген тақырыптағы мақаласында. Таңғы сағат 7.00-де №164 сайлау учаскесінде дауыс берген Нұрсұлтан Назарбаев бұл өзінің тұңғыш рет дауыс беруі екендігін айтып, қуанышымен бөлісті. - Отбасымызда барлығымыз сайлауға белсене қатысамыз деп кеше нақты шешім қабылдадық, - деді Нұрсұлтан Назарбаев, - анам Күләнда Төкенбаева екеуміз міне, осы себепті сағат таңғы жетіден алғашқы болып сайлау учаскемізге келіп дауыс бердік. Мұнда барлық жағдай жасалған, әуезді ән, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсету сияқты әдептілікті барлығы сақтауға тырысып жатыр. Әркім өз таңдауын жасауда. Мен, әрине, өзімнің аты-жөнім Нұрсұлтан Назарбаев болғандықтан, бұл сайлаудың халық болашағы үшін маңызды екендігін толығымен ұқтым. Мектептегі ұстаздарым да, әсіресе, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Батыр Мырзабековті ерекше атап өтуіме болады, сайлаудың мән-мағынасын біз сияқты жастарға кеңінен түсіндірді. Сондықтан да міне, өздеріңіз байқасаңыз, сайлауға қатысушы 18-19 жастағы жастардың да қатары қалың. Мен өз дауысымды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа бердім.

***

«Нұрлы жол» бағдарламасы ая­сында алдағы 4 жылда елімізде 11 автожол жобасы жүзеге асырылып, 7 мың шақырым жол қайта жаңар­тылады, деп жазады "Айқын" газеті бүгінгі санындағы "Жеті мың шақырым жол жаңғыртылады" деген мақаласында.

Инвестициялар және даму министрлігі Автокөлік жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Бековтың мәлім­деуінше, мақсатқа жету үшін Қазақстан­ның инфрақұрылымын дамыту бойынша 2015-2019 жылдарға арналған бағдарлама әзірленді. Осы бағдарлама аясында «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасы аяқталып, орталық - оңтүстік, орталық - шығыс, орталық - батыс, Алматы - Өскемен, Қызылорда - Жезқазған - Қарағанды, Астана - Петропавл, Орал - Каменка, Астана қаласының оңтүстік айналма жолы, Жетібай - Жаңаөзен және Үшарал-Достық жобалары қолға алы­нады.

«Жобаларды дер кезінде жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан 2015-2016 жылдарға 301 млрд теңге бөлінді. Қазір халықаралық қаржы ұйымдарынан шамамен 1 трлн теңге немесе 5,5 млрд доллар көлемінде заем тарту жұмыстары жоспарланып жатыр. Министрлік алдын ала келіссөздер жүргізді, жыл соңына дейін 12 келісімге қол қоймақшымыз. Осылайша, белгілен­ген уақытқа дейін 7 мың шақырым жолды қайта жаңартамыз. Ал орталық - оңтүстік жобасы бойынша қарызға алынған қаражатқа Қарағандыдан бастап Курча­товқа дейін жол салынады. Бұған 2,6 млрд доллар көлемінде Дүниежүзілік банк пен Еуропалық банктің қарызы жұмсалады» деді комитет төрағасы.

"Айқын" газеті бүгінгі санында жазуынша, Алматыдағы сауда орталықтарының бірінде кәдімгі асықтан жасалған арғымақтың мүсіні бар. Арғымақтың авторы Нұрлан Әбішев есімді қазақ жігіті екен. Нұрланның әкесі Болат құ­рылыс саласының білікті маманы болса, анасы Әпен апай 36 жыл бойы Кегендегі орталық мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген ұлағатты ұстаз екен. Отбасында төрт бала - бір қыз және үш ұл тәрбиеленіпті. Олар­дың бірі музыкант, енді бірі мұ­ғалім болса, Нұрланнан бөлек суретшілікке бет бұрған адам жоқ екен. Ол кішкентайынан құрбы­лары тәрізді доп қумай, керісінше, даладан не көрсе соны - ұшқан құс пен сиырдың, жайлаудағы жылқы тәрізді жан-жануарлардың мүсінін кәдуілгі ермексаздан жасап әуреге түседі екен. Бір сәт мүсіннен қолы босай қалса, сурет салумен әлек болыпты.

"Учили­щені бітірген жылы Алматыдағы театр және өнер институтының (қазіргі Жүргенов академиясы) дизайнер-интерьер бөліміне оқуға түстім. Институтты бітірген соң арнайы жолдамамен туған ауылым Кегендегі мектепте жас буынға сурет пәнінен сабақ бер­дім. Алайда аядай ауылға сыйма­дым ба білмеймін, әйтеуір, өнер ордасы атанған Алматыға келдім, - деп Нұрлан сол бір кезеңді еске алды. Содан ол «Қазақфильм» киностудиясына суретші болып жұмысқа орналасып, алдымен, «Көшпенділер» фильмі бас суретшісінің көмекшісі болды. Одан соң жас кинорежиссер Рүс­тем Әбдірашевтің «Қаладан кел­ген қыз» фильмінің бас суретші болып тағайындалды. Бұл Рүстем­нің замандасы Нұрланның бойын­дағы суретшілік қасиетті танып, оған зор сенім артқаны еді. Одан соң Нұрлан Әбішев режиссер Мұхит Нарымбетовтың - «Қарашаңырақ», «Ағайын­дылар», Смағұл Елубайдың «Кек» фильмінің суретшісі болды. Әдетте, ауыл ақсақалдары балалары жорыққа аттанарда, қала салып, үй тұрғызғанда не­месе мешіт құрылысын бастар болса: «Құдай жолыңды оңғарсын! Асығың алшысынан түссін!» деп асықты алшысынан түсіріп, ұрпағына бата беріп, сәттілік тілейтіні тұлпардың мүсінін жа­сауда айрықша ескерілген. Сон­дықтан мұндағы асықтың бар­лығы алшысынан қойылған. Тағы бір ерекшелігі, тұлпардың оң қанаты өңкей оңқай асықтан, ал сол қанаты өңкей солақай асық­тан «түзілген». Шындығында, суретші һәм мүсінші Нұрлан үшін асықтан тұлпар «тұрғызу» әсте оңайға соққан жоқ. Тұлпардың қаңқасы дәнекерлеу (сварка) арқылы жасалды. Сегіз мыңнан астам асық­тан «түзілген» арғымақтың бей­несі бір қарағанда, еркіндікті аңсаған тәуелсіз жас мемлекет - Қазақстанның асқаралы биіктерге батыл адымдап бара жатқанын көз алдыңызға әкеледі. Нұрлан­ның назар аударарлық тағы бір туындысы - тәуелсіз Қазақ елінің символына айналған Қар бары­сының мүсіні. Мүсіннің өзіне тән ерекшелігі, ол өте қымбат бағалы асыл тас - хрустальдан жасалған. Нұрланның айтуынша, Қар ба­рысы мүсінін дайындауға қажетті хрустальдің барлығы сонау Мы­сырдағы (Египет) хрусталь өн­дірумен әлемге жақсы танылған ASFOUR компаниясынан сатып алыныпты. Әсілінде, Қар бары­сының сақ-скифтер туралы аңызда көшпенділердің айрықша символы және әділетті жақтаушы ретінде сипатталады. Мақала "Асықтан тұлпар "түйген" суретші" деген тақырыппен берілген.

***

Қазақстандық шоу-бизнес өкілдері «Казахстанская правда» газетінің беттерінде Батырхан Шүкеновті еске алып, ол туралы естеліктерімен бөлісті. «Путь без остановок» атты мақалада ҚР халық әртісі Роза Рымбаева: «Үлкен сахнаға шығып, әркім өз жолымен кеткенге дейін біз онымен "Арай" ансамблінде бірге жұмыс істедік. Ол жерге оны менің күйеуім Тасқын Оқапов әкелген еді», - дейді.

«Мен онымен өте жақын араласпадым. Ортақ концерттер, басқосулар болды... Барлығы сияқты мен оның өте жарқын, адал әрі керемет зиялы адам болғанын айта аламын. Басқаларлы қайдам, әйтеуір өзім соңғы он шақты жыл бойы оның бойынан бір көңілсіздік сезініп, оның көпшіліктен оқшауланыңқырап жүретінін байқаушы едім. Бәлкім мен қателесіп те тұрған шығармын. Дегенмен кездескен кездерімізде оны бір нәрсе мазалап, жүрегін бірдеңе алаңдататын сияқты сезілетін...», - дейді тағы бір халық әртісі Нағима Есқалиева.