Асыл дініміз Исламды келесі ұрпаққа дұрыс жеткізіп, лаңкестік әрекеттерге тосқауыл болу - басты міндетіміз (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласындағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен (ҚМДБ) ақпараттық-ағарту жұмыстарын жандандыруға арналған «Ислам және зайырлы қоғам» атты республикалық ақпараттық конференция өтті.

Асыл дініміз Исламды келесі ұрпаққа дұрыс жеткізіп, лаңкестік әрекеттерге тосқауыл болу - басты міндетіміз (ФОТО)

Жиында «Ислам және зайырлы қоғам» атты конференцияға қатысушылардың үндеуі қабылданды.

«Біз, Конференцияға қатысушылар барша мұсылман үмметін, Ислам ғалымдарын, қоғамдық сарапшыларды, жалпы халықты төл мәзһабымыздың мәртебесін көтеріп, қоғамда тыныштық орнатуға, лаңкестік әрекеттерге тосқауыл болуға, жалпыға ортақ адамгершілік құндылықтардың насихатталуына, асыл дініміз Исламды келесі ұрпаққа дұрыс жеткізуге, ортақ мәдениетіміз бен дәстүрімізді жаңғыртуға белсенді үлес қосуға шақырамыз», - делінген үндеу мәтінінде.

Конференция жұмысына Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов, ғалым, профессор Әділ Ахметов, ҚР Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің мүшелері, облыстардың Бас имамдары, ҚМДБ-ның Республикалық және жергілікті ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, ҚМДБ Сарапшылар Кеңесінің мүшелері сонымен қатар, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Конференцияның ашылуында сөз алған Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы осы сындарлы басқосудың маңызды түйініне тоқталды.

«Құдайға шүкір, еліміз егемендігін алып еңсемізді тіктедік. Тәуелсіздік жылдарында дініміз бен тілімізді, салт-дәстүрімізді қайта жаңғырттық. Қадірін білгенге осының бәрі үлкен ғанибет. Алланың берген нығметі деп атар едім. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 1990 жылдан бері дінімізге қызмет етіп, еліміздің бірлігі жолында жұмыс істеп келеді. Осы аралықта жоғары деңгейде 5 құрылтай өтті. Өткен жылы тұңғыш рет республикалық имамдар форумын өткізіп, ел мұсылмандары мен дін қызметкерлері үшін маңызды тарихи төрт құжатымызды қабылдадық. Діни басқарманың 2020 жылға дейінгі жұмысын дамытуға арналған тұғырнамасын бекіттік. Діни білім жүйесін жетілдіруге арналған арнайы тұжырымдама қабылдадық. Бұл оқиғалар - еліміздің діни саласындағы тарихи шаралар деп есептеймін. Бүгінгі конференциямыз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына сәйкес келіп отырғанын айрықша атап өткім келеді. Тарихымызға зер салсақ, имам қашанда бірліктің ұйтқысы болған. Имам - рухани тұлға, қоғамды тәрбиелеуші ұстаз. Егемендігіміздің арқасында діндар қауымның да мәртебесі артып келеді. Бүгінгі «Ислам және зайырлы қоғам» атты республикалық конференция ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз - ҚМДБ қызметкерінің кәсіби қабілетін арттырып, жастарды патриотизмге тәрбиелеу. Сонымен қатар, дін мен зайырлы қоғамның үйлесімділігін арттыру», - деп атап өтті Бас мүфти.

Конференция барысында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов мемлекет пен діни бірілестіктер қарым-қатынасының тиімді жолға қойылып отырғанын, діни басқарма тарапынан жүзеге асырылып отырған көптеген игі бастамалар осы ынтымақтастықтың оң нәтижесі екендігін атап өтті.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз қызметі тарихында тұңғыш рет бастама көтеріп «ИСЛАМ ЖӘНЕ ЗАЙЫРЛЫ ҚОҒАМ» атты республикалық конференция ұйымдастырып отыр. Бұл ел мұсылмандарын ұйыстыра білген осынау қара шаңырақтың тек діни қызмет аясымен шектелмей, өз Отанындағы, қоғам өміріндегі мәні зор мәселеге үлес қосып отырғанының айғағы. Зайырлы дінді ұстанатынына немесе ұстанбайтынына қарамастан әрбір азаматтың орны ерекше. Өйткені, Ата заңымызда жазылғандай, мемлекеттің ең қымбат қазынасы - адам. Ислам дінінде зайырлы ұстанымдармен үйлесетін қағидаттар өте көп. Адам құқығын қастерлеу, қоғам мүшелерінің діни, саяси ұстанымдарына мәмілегерлік таныту, басшыға және заңға бағыну, білім алу, адал еңбек ету, Отанды сүю, қоғамға пайдасын тигізу, жақсылыққа ұмтылып, жамандықтан аулақ болу сынды қарапайым да, дана құндылықтар исламның іргетастық қағидаттары қатарынан саналады. Исламның тағылымды тарихында шынайы мұсылман адамы, өзгелердің діни сенім бостандығын құрметтейтін, халқының рухани мұрасын, діни және тарихи құндылықтарын қастер тұтып, дінаралық келісім мен татулықтың орнығуына атсалысатын тұлға екендігін танытады. Бұл, аталмыш құндылықтардың зайырлы мемлекет үшін де маңызы зор, қоғам мүшелерінің құқықтық қауіпсіздігімен қатар рухани саулығы да мемлекет тұрақтылығына игі әсер ететін факторлардың бірі. Ал рухани құндылықтардың басты назарда ұсталуы әрбір өркениетті мемлекетке тән мінез болып табылады. Елімізде мемлекет пен діни бірілестіктер қарым-қатынасының тиімді жолға қойылғаны баршаға белгілі. Діни басқарма тарапынан жүзеге асырылып отырған көптеген игі бастамалар осы ынтымақтастықтың оң нәтижесі», - дейді вице-министр Марат Әзілханов.

Алқалы басқосуда сөз алған Наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Ораздың пікірінше, кез-келген зайырлы мемлекетте дін жоққа шығарылмайды.

«Мемлекетті мекен еткен азаматтардың сенім бостандығына нұқсан келтірілмейді. Азаматтардың таңдауына сəйкес, діни ұстанымдары заңмен қорғалады. Зайырлы қоғамда ұлттар мен ұлыстар діни сенімі бойынша бөлінуіне жол берілмейді. Дінді ұстану - қоғамнан бөліну деген сөз емес. Керісінше, иманды адам қоғамның дамуына, халық арасында ізгілік, адамгершілік, бауырмалдық сынды құндылықтарды насихаттауда белсенділік танытуы тиіс. «Жақсы адам қоғамға пайдасы тиген пенде», - деген хадис бар. Бүгінгі мұсылман жамағатына жетпей жатқан нәрсе осы: қоғамшыл, көпшіл, мемлекетшіл бола алмай жатқанында. Көпшіл адамның қоғамға игілігі тиеді», - деді наиб мүфти Серікбай қажы Ораз.

Ал сындарлы талқыға қатысқан ҚР Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин мемлекеттік органдар мен Діни басқарманың дін саласында, жұртпен жүргізетін жұмыстары негіз етуге тиіс тұжырымдарды да баса көрсетті. Білім беру мекемелерінде діни тұрғыдан заңмен тыйым салынған бағыттарға жан-жақты түсінік берді. Діндар азаматтардың білім беру, денсаулық сақтау және өзге де мемлекеттік мекемелерде бекітілген талаптар бойынша киім кию үлгісі, оқу бағдарламасы, медициналық егу тағы басқа мәселелерге қатысты өз бетінше қайшы талаптар қойып, теке-тіреске бармаулары қажеттігін еске салды.

«Еліміздегі білім беру жүйесі зайырлы сипатқа ие болғандықтан, мектептерде діни рәсімдер жасалмайды және діни атрибутикалар қолданылмайды. Дегенмен, діни бірлестіктер әлеуметтік саладағы мәселелерді шешу бағытында қайырымдылық жасау, нашақорлық, маскүнемдік және басқа да зиянды әдеттермен күресу, тұрғындар арасында рухани құндылықтарды насихаттау, дамыту, қоғамымызға жат діни ағымдардың, радикализмнің алдын-алу секілді маңызды жұмыстармен белсенді айналыса алады. Еліміздегі білім беру жүйесі зайырлы сипатқа ие болғандықтан, мектептерде діни рәсімдер жасалмайды және діни атрибутикалар қолданылмайды», - деді Ғ.Шойкин мырза.

Конференцияда қоғамдық байланыстарда зайырлылық нормаларымен үйлесетін ислам құндылықтарының таралу мәселелері, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қатысты тәжірибе жүзінде жинақталған жаңа әдістемелер талқыланды. Сонымен қатар, діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы профилактикалык іс-шаралардың ұйымдастырылу сапасы да қаралды.
null null null

Бақытжол Кәкеш