Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Асыл тұқымды малдың артықшылығы мол - БҚО

ОРАЛ. 20 тамыз. ҚазАқпарат - Асыл тұқымды мал ұстаудың тиімділігі де, пайдасы да мол. Бұл туралы «Қазагромаркетинг» АҚ-ның өкілдері Ақжайық ауданында «Етті ірі қара мал шаруашылығымен айналысу технологиясы» тақырыбында өткізген семинарда айтылды.

Асыл тұқымды малдың артықшылығы мол - БҚО

Шараға облыстың оңтүстік аудандарынан келген ірі шаруа қожалықтарының жетекшілері, «Сыбаға» бағдарламасына қатысушылар келді.

Шаруалардың білімін көтеруді мақсат еткен мұндай семинарларды «Қазагромаркетинг» еліміздің көптеген өңірінде ұйымдастырып отыр. Өйткені, білім мен өндірістің тиімділігіне қол жеткізу, ақпараттық технология қанаттанған заманда оқу мен үйренуді үзбеу - Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» мақаласындағы ең бір басты қағиданың бірі. Аталған акционерлік қоғамның «Мал табынын ұдайы өсіру және консалтингтік басқару» орталығы бұл орайда ықпалды істерді өрістетуде.

Семинар барысында аталмыш АҚ-ның мал шаруашылығы консалтингі департаментінің директоры, профессор Қ.Исабеков еңбек заңнамаларынан хабардар болу, сондай-ақ мәселен, ғылым мен селекция арасын үйлестіру жайында баяндай келіп, ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту жобасын жүзеге асыру бойынша жан-жақты ақпарат берді.

2016 жылға қарай елімізде ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізу керек. Бұл - Елбасы Жолдауындағы меже. Сондықтан жер-жерде ауқымды істер жүзеге асырылуда. Дүниежүзілік озық тәжірибелер, зоотехния жөнінде білімді көтеру басшылыққа алынуда. БҚО-да да үздік жұмыстар бар. Алайда, алаңдатып отырған мәселелер жетерлік. Елде қазақтың ақбас сиыры 1992 жылдың басында 1 млн. бастан артық еді, ол азайып кетті. Етті бұл тұқым сонау 1930 жылы қазақ және қалмақ сиырларын Англия мен Уругвайдан әкелінген герефордпен будандастыру арқылы шығарылған еді. Республикада 182 млн. га. табиғи жайылымның мүмкіндігі толық іске аспауда, біраз бөлігі кей жердегі шоғырланған малдың көптігінен жұтаңданды. Көршілес Ресей мен Қытайдан етке сұраныс мол болып отырғанда, көптеген табынды тек жанбағыс үшін ұстау берекетке жеткізбесі сөзсіз. Ал 60 мың тонна ет өндіру, яғни, еңбегіңнің жемісін көретін, маңдай теріңді ақтайтын мал өсіргенде ғана орындалады. Демек, тұрқы жақсы түлік ұстау, селекцияға маңыз беру, тектік қорды сауатты жүргізу ауадай қажет-ақ. Жеген шөбін ақтамайтын сиыр ұстаудың заманын артқа тастау керек. Шығынды көп қажет етпейтін шетелдік, отандық құнды аталық ұрықтарын пайдалануды да құнттайтын кез жетті.

Осыдан шығады, техник-ұрықтандырушылардың білімін жетілдіруді де кейінге қалдыруға болмайды. Бұл жөнінде арнайы топ БҚО-ға да күзде келеді. Елде аттестаттаудан өткен 2000-нан сәл асатын ұрықтандырушылардың бәрі бірдей білікті деп айтуға болмайды.

«Анимациялық технология пайдаланылған интерактивті электрондық оқулық» көрсетілімімен қатар семинарда мал азығын дайындау технологиясы, азықтандыру нормалары, нұсқалары, жылға қажетті жемшөптің мөлшері жөнінде озық тәжірибелерден «Қазагромаркетингтің» бас менеджері Қ.Нұғыманов қызықты әңгімеледі. Мысалы, жас төлді құнды азықтандырмау инфантилизмге әкеледі, бұл кейін тіпті жақсы бордақыласа да, оның өсуін тежейді. Қоңдылығы орташа сақа түлікті жайып семіртуге 70-80 күн, ал қоңы орташадан төмендеріне 130 күн қажеттігінің өзі көп жайттан хабар береді.

Бас сарапшы, ветеринария ғылымдарының докторы Б.Құрманов эктопаразиттер туғызатын кеселдердің алдын алу, диагностика, емдеу туралы баяндады.

Басқосудың кезекті бөлімі Бударин ауылдық округіндегі «Аманер» шаруа қожалығында жалғасты. Осында сиырды қолдан ұрықтандыру технологиясы, оның буаздығын, жыныс мүшесінің дерттерін ультрасонограф аспабымен анықтау, емдеу бойынша мастер-класс өтті. Менеджерлер, сарапшылар жиналғандардың сұрақтарына жауап қайтарды.

Ақжайық ауданында былтыр 9 шаруа қожалығы 535 бас сиыр, 10 бас аталық сатып алса (9460 мың теңге), биыл 6 шаруа қожалығы 168 бас аналық, 168 аталық (37,4 млн. теңге) сатып алады. Асыл тұқымды мал шаруашылығының, ет экспортының әлеуетін өрістету жөнінде облыс аудандарында осындай және басқа қам-қарекеттер аз емес. Барлық жануардың есебін қапысыз жүргізу, эпизоотиялық жағдайға жіті мониторинг жүргізу керек. Өкінішке қарай, тиісті бөлімдердің ісі баяулап жатады. Саладағы бағдарламаларды жүзеге асыруға қатысты аудандардан ұсыныстар, тапсырымдар мезгілінде тиянақталмайды. Түліктің уақтылы егілмеуі немесе кеселді малды жасыру да ұшырасады.

Семинар соңында облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықов осы хақында айтып, замана талабын қаперге салды.