Асылбеков Абдолла Әбдірахманұлы

Асылбеков Абдолла Әбдірахманұлы (1896-1937) – қоғам және мемлекет қайраткері, алғашқы қазақ-кеңес публицистерінің бірі.
None
None
Қарағанды облысының Нұра ауданында дүниеге келді. Ол ауылда ашылған медресеге оқуға түсіп, оны 1913 жылы бітіріп шығады. Осы оқуын одан әрі жалғастыру үшін он жеті жастағы Абдолла бір саудагерге жалданып, оның жылқысын айдасып Орынборға барады. Онда Хұсайын атына ашылған медресеге түседі. Алайда, мұнда небәрі төрт-бес ай ғана оқыған Абдолла «қазақ татар жастарын дінге, патша үкіметіне қарсы үгіттеп, ұйымдастырғаны үшін» медреседен қуылады. Содан 1914 жылы Қызылжарға келген Абдолла осындағы мұғалімдер даярлайтын қазақ мектебіне түсіп оқиды. Алайда, «саяси сенімділігі» жайлы шартты үш ай мерзім ішінде кепілдік тапсыра алмағандықтан бұл мектептен де шығарылады. Ақыры соңында ол өз еліне келіп, осы Нұра болысындағы ауыл мектебіне мұғалім болып орналасады. Ақпан төңкерісі аяқталғаннан кейін А.Асылбеков өзін біржола революция ісіне арнады. Одан көп ұзамай-ақ, 1917 жылдың мамыр айында жиырмадан енді ғана асқан жас жігіт большевиктер қатарына еніп, өзінің бұдан кейінгі тағдырын елімен берік байланыстырды. Жазушы, қоғам қайраткері С.Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» атты тарихи-мемуарлық романында А.Асылбековтың революциялық өсу жолын жан-жақты суреттеді. Көп жайларды қаһарман күрескердің ? А.Асылбековтың өзі қолы сәл ғана босаған сәттерде жазып, жеке кітап етіп бастырып шығарды, журналда жариялады. Қаламгердің «Біздің де күніміз туды», «Октябрь күнінде» атты шағын повестері жарық көрді. 1930 жылы «Ауылды советтендіру» («За советизацию аула») атты кітабы екі тілде жеке-жеке жарық көрді. Оның мақалалары мен очерктері «Тіршілік», «Еңбекші қазақ», «Советская степь» газеттері мен «Қызыл Қазақстан» журналында жарияланып тұрды. Ақпан төңкерісінен кейін А.Асылбеков С.Сейфуллинмен бірге Ақмолада Кеңес өкіметін орналыстырып, «Тіршілік» газетін шығаруды ұйымдастырды. Колчак әскеріне тұтқынға түсіп, «Аннековтың азап вагонында» жапа шекті. Азамат соғысы жылдарында ол Қиыр Шығыстағы Приморск армиясының полк комиссары болды. 1921 жылы Қазақстанға оралып, Ақмола губерниялық партия комитетінде жұмыс істеді. 1922-1925 жылдары РК (б) П Қазақ облыстық комитетінің екінші хатшысы және білім бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1926 жылы Тимирязев атындағы Ауыл шаруашылық академиясына оқуға түсіп, оны бітіргеннен Егіншілік халық комиссариатының басшы қызметкері, Қостанай округтік атқару комитетінің төрағасы, Қазақ ОАК-нің хатшысы, Қарқаралы округтік, Қарағанды облыстық кеңестері атқару комитеттерінің төрағасы, Қазақ КСР Жеңіл өнеркәсібі халық комиссары, Әлеуметтік қамыздандыру халық комиссары болды. С.Сейфуллин, Н.Нұрмақов, Ұ.Құлымбетов, Ж.Садуақасов сынды қазақтың көрнекті басшы қайраткерлерін «Қазақстанда кеңес үкіметін құлатуға әрекет жасап, шетел тыңшыларымен, Троцкий, Бухарин топтарымен тығыз байланыста болғандықтарын мойындату үшін алдымен Асылбековті әшкерелеу керек» деген ниетпен Мәскеудің үлгісімен Қарағандыда ашық сот ұйымдастырылды. Сөйтіп қоғам қайраткері саяси қуғын-сүргіннің алғашқы легінде «Халық жауы» деген жаламен ұсталып, ату жазасына кесілді. Сталинизм зардаптары әшкереленгеннен кейін 1958 жылы ақталды. А.Асылбековке Қарқаралы қаласындағы қызмет атқарған мекеме қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды. 1991 жылы сәуірдің 30-ында Қарағанды облысының «Құндызды» ауылына есімі берілді.Дереккөзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 1 том
Соңғы жаңалықтар