Ата-баба аманатына адал болсақ дейміз – «үздік ауыл әкімі» Жұбан Жұмағалиев
- Жұбан Тұрарұлы, мемлекеттік қызметке қалай келдің, алдымен осыған тоқталсаң?
- 2010 жылы мектепті тәмамдағаннан кейін Батыс Қазақстан облысы инженерлік-технологиялық колледжінің электрмен қамтамасыз ету факультетіне грантқа оқуға түстім. Колледжде білім ала жүріп, Орал қаласына қарасты Зачаган кенті әкімі аппаратында машықтанудан өтіп, мемлекеттік қызметке бейімім бар екендігін білдім. Үш жылдан кейін арнаулы орта білім дипломымен А.Байтұрсынов атындағы №10 жалпы орта білім беретін мектепке электрик қызметіне қабылдандым. Дегенмен қоғам мен мемлекет мүддесіне қызмет етуді мақсат етіп қойып, 2013 жылы 30 қазан күні арманым орындалып, 60 мыңға жуық халқы бар үлкен кент саналатын Зачаган кенті әкімі аппаратында жетекші маман лауазымына тағайындалдым. Қызмет баспалдақтарым осылай басталды. Бес жылға жуық уақыт бойы осы мекемеде абаттандыру бөлімінің жетекші маманы, бас маманы ретінде тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істедім. Кент аумағын абаттандыру, көгалдандыру, жол инфрақұрылымын дамытуға өз үлесімді қостым.

Кейін «Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінде бас маман, сектор меңгерушісі болып, біліктілігім мен тәжірибемді жетілдіре түстім.
2020 жылдың 13 сәуірінде Орал қаласы әкімінің қаулысына сәйкес Деркөл кенті әкімі аппараты қайта құрылған болатын. «Мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару» ҚР заңына сәйкес жергілікті қоғамдастықтың келісімі бойынша құрылымдық штаты бекітіліп, сол жылы әкім лауазымына тағайындалдым.
- Мемлекеттік қызметшіге артылар жүк көп, ол жөнінде не айтар едің? Мемлекет басшысы мен ел сенімін ақтау үшін не қажет деп ойлайсың?
- Ең алдымен ата-баба аманатына адал болып, ұлтқа қиянат жасамай, халық сенімін ақтаудан асқан абырой жоқ дер едім. Бұл жолда жалған ақпарат жарға жығады. Былайша айтқанда, келген тұрғындарды бос сөзбен шығарып салмай, бар күш-жігерімізбен ел аманатын орындай білсек, мақсаттың орындалғаны. Әрине, көптеген мәселе лауазымдағы адамға емес, басқа да факторларға немесе қаражатқа тіреледі. Меніңше, жұмыс барысында, халықпен кездескенде көтерілген мәселелерді үшке бөліп, жоспар құру керек. Яғни шұғыл орындауды талап ететін немесе ағымдағы жұмыстар, жыл ішінде орындалатын және ұзақ мерзімді керек қылатын мәселелер. Жоспарға сәйкес уақыты бекітіліп, сол мәселелер нақты орындалған жағдайда ғана ел сенімінен шыға аласың.

Ұлтымыз бен тілімізге деген жаңашырлық қасиет ата белінен, ана сүтінен қанымызға дариды. Осы екі қасиет бойында бар адам адалдық, әділдік пен қарапайымдылықты, жоғары жауапкершілікті ұштастырып, анық және нақты шешім қабылдай алады деп санаймын.
- Оралға қарасты ірі кенттердің бірі – Деркөлдің қазіргі жай-күйі, басты мәселелері, болашағы туралы не айтар едің?
- 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап күні бүгінге дейін кент әкімі аппаратымен атқарылған жұмыстар аз емес.
Соның ең бастыларына тоқталсақ, әр елді мекеннің экономикалық және әлеуметтік дамуындағы басты критерийлердің бірі – жол инфрақұрылымы. Салыстыру үшін мына деректі келтірелік, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығындағы мәлімет бойынша кентте қатқыл табанды жолдардың ұзындығы 44,3 км болса, қазір 68,57 километрге жетті. Яғни 24,27 км немесе 54,8 пайызға артты. Сол секілді жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Осы кезеңде 10,9 км жаяу жүргіншілер жолы салынды. Бұл 2020 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, 29,4 пайызға артық. Жаяу жүргіншілер жолы жаңадан бой көтерген «Сарыарқа» шағынауданы көшелеріне орнатылды.

Кездесулерде көтерілген өзекті мәселелердің бірі – аялдама бекеттері мен балалар ойын алаңдарын орнату. Осы мақсатта 2020-2022 жылдары кент аумағында 34 аялдама павильоны мен 12 балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Сондай-ақ инвестициялық жобалар негізінде 19 кәсіпкерлік және 4 әлеуметтік (балабақша) нысан салынды. Барлық нысандар бойынша шамамен 1 млрд 794 млн теңге инвестиция тартылды. Бұлардың басым көпшілігі «Сарыарқа» және «Көкжиек» шағынаудандарында іске қосылды.
Бүгінмен шектелмей, болашақты ойлаған аса маңызды. Осы орайда 5 көпқабатты үйдің аула аумағын абаттандыру, 5 кешенді спорт және балалар ойын алаңын салу, 4 елді мекеннің кірме жолдарын жарықтандыру, жалпы ұзындығы 13 км 12 көше жолын қайта құру жоспарда тұр. Күні бүгін 5 көпқабатты үйдің аула аумағын абаттандыруға конкурстық рәсімдер жүргізілуде. 7 километрден астам 4 көшені қайта құру бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар 2024 жылы аяқталмақшы.

- Жұбан, өз әріптестеріңнің арасынан оза шауып, республика бойынша «ҚР үздік ауыл әкімі» атанған екенсің, оны да айтып өтсең?
- Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын мемлекеттік қызметшілер арасында кеңінен насихаттау мақсатында өткен жылы «Жылдың үздік ауыл әкімі» республикалық байқауында бақ сынадым. Биыл соның қорытындысы шығып, мамыр айында «ҚР үздік ауыл әкімі» төсбелгісімен марапатталдым. Байқау шарты бойынша лауазымға келген сәттен бастап кент экономикасы мен инфрақұрылымын көтеруде атқарылған жұмыстар мен жоспарлар туралы баяндама жаздым. Әрине, халық игілігі үшін жасалған жұмыстар бір ғана мемлекеттік қызметкердің еңбегі емес. Осы уақыт аралығында ауыл тұрғындары идеяларымен бөліссе, сол ой-жоспарды жүзеге асыруда шаһар басшысы мен қала әкімдігінің дербес бөлімдері және Деркөл кенті әкімі аппараты қолдау көрсетті. Мұның бәрі бірлесе атқарған жұмыстың жемісі деп білемін. Қорыта айтқанда, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, барша қолдаушылар мен кент жаңашырларына алғысымды білдіргім келеді.

- Өзіңді Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан атақты ақын әрі батыр Абдолла Жұмағалиевтің туысы екеніңді білеміз. Бұл жөнінде не айтар едің?
- Иә, жалындаған қазақ ақыны, Екінші дүниежүзілік соғыста жаудың бір взводымен жалғыз шайқасып, шегінбей, үйдің шатырына бекініп алып, өрт ішінде ерлікпен көз жұмған Абдолла Жұмағалиевтің немере інісі боламын. Атамның қаһармандығы жөнінде алғаш Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» деген поэмасынан оқыдым. Абдолла атамның намысын бермей, ерлікпен қаза тапқаны туралы нақты дәлелдің бірі – бөлімше командирі, офицер В.Григорьевтің «Қаһарман қаламгер» атты майдан газетіне жолдаған мақаласы. Соғыстан кейін Қазақстан Жазушылар одағы мен республика жұртшылығы 1960 және 1965 жылдары Абдолла Жұмағалиевті Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған, бірақ ол да аяқсыз қалды. Шын мәнісінде атам «Халық қаһарманы» атағына лайықты батыр дер едім. Ата ерлігі – ұрпаққа өнеге!
- Әңгімеңе рахмет! Мемлекеттік қызмет жолында табыстар тілеймін.



