Ата заң - Тәуелсіздік пен тұрақтылықтың теңдессіз тартуы - БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдағы Салтанат сарайында кеше, 28 тамызда «Конституцияға 20 жыл: Ата заң - Тәуелсіздік пен тұрақтылықтың теңдессіз тартуы» тақырыбында конференция ұйымдастырылды.
None
None

Жиында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, Конституцияда азаматтардың сөз бостандығының сақталуына, білім алып, таңдаған мамандығы бойынша еңбек етуіне, денсаулығын күтуіне, әлеуметтік көмек алуына кепілдік беріледі. Жиырма жылдың бедерінде Қазақстан көптеген табысқа қол жеткізді. Еліміздегі қоғамдық қарым-қатынастарды реттейтін барлық құқықтық жүйе Ата заңнан бастау алады. Тіліне, дініне, нәсіліне, лауазымына қарамастан, барша қазақстандық азаматтар тең құқылы. Бұл - Елбасымыздың жүргізіп отырған сарабдал саясатына негізделген мемлекеттік қағидат. Экономикалық даму, бейбіт өмір сүру, халықтың әл-ауқатын көтеру істеріне отандастарымыз қоғамдық келісім аясында бірлесе қызмет етіп, өз үлестерін қосып келеді.

Конференцияда облыстық әділет департаментінің басшысы Әсия Мұхитова баяндама жасап, Ата заңның мемлекет пен қоғамдағы мән-маңызына тоқталса, еңбек ардагері Жайсаң Ақбай, облыстық мәслихат депутаты, «КазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы Ақсерік Әйтімов құқықтық жүйенің қазақ хандығы құрылғаннан-ақ қалыптаса бастағанын, бұған Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның жеті жарғысы дәлел бола алатынын жеткізді. Облыстық «Заман» өндірушілер қауымдастығының төрайымы Айгүл Түркина, «Еднання» украин этномәдени орталығының төрағасы Виктор Тарасенко үкіметтік емес ұйымдарды қолдау, елдегі бірлікті нығайту турасында өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Конференция соңында бір топ батысқазақстандық ҚР Конституциясының 20 жылдығы құрметіне мерейтойлық медальдармен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар