Ата заңда атап көрсетілгеніндей, адам өмірін қорғаудан артық абырой жоқ - БҚО ІІД бастығы, полиция генерал-майоры А.Жалмұханбетов
nbsp;ОРАЛ. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Ел халқы осыдан 15 жыл бұрын ең басты құжат - Конституцияны қабылдады. Ата Заңда «демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырған, ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп атап көрсетілген.
Сондықтан адам өмірін қорғаудан артық абырой жоқ. Бұл туралы БҚО ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арман Жалмұхамбетов өз ой-толғамын былайша білдіреді.
Оның айтуынша, полиция - елдің қорғаны. Халықтың тәртіп сақшыларына деген сенімі қылмыстардың дер кезінде, ізі суымай ашылуымен беки түсетіні сөзсіз. Батысқазақстандық полиция қызметкерлері де бұл бағытта аянып қалған емес. Оған тәуелсіз еліміздің тарихында нағыз ерлік пен өрліктің үлгісін таныта білген әріптестеріміздің абыройлы еңбек жолы дәлел бола алады. Қызметтік міндеттерін атқару, азаматтардың мүдделерін қорғау кезінде қаза тапқан тәртіп сақшыларын ешқашан естен шығарған емеспіз. Олар бейбіт өмірдің тыныштығы үшін өз өмірлерін қиды. Өкінішке қарай, БҚО ІІД-нің тарихында қызмет бабында қандықол қылмыскерлердің қолынан қаза болған сақшыларымыздың саны аз емес. Олардың ішінде қаныпезер қылмыскерлердің жұмсаған суық қаруынан көз жұмған Тасқала аудандық ІІБ кезекші-инспекторы, милиция капитаны Сайын Ахметқалиев, қылмыскерді құрықтау кезінде ауыр жарақаттанып, оқиға орнында шейіт болған сақшылар - Зеленов аудандық ІІБ патрульдік-бекеттік қызметінің қызметкері, полиция сержанты Олег Кучер, Орал қалалық ІІБ дәрігерлік айықтырғыштың полициясы, полиция сержанты Ибат Мумбаев, Бөрлі аудандық ІІБ ведомостводан тыс күзет полициясы Байжан Қазиев, Шыңғырлау аудандық ІІБ учаскелік инспекторы, полиция лейтенанты Сәрсенбай Тәжмұхамбетов және қарақшы топтың қолынан қаза болған Бөрлі аудандық ІІБ аға учаскелік инспекторы, полиция майоры Павел Шошин мен қаскөйдің оғынан тағдыры үзілген бөрлілік полиция қызметкері, аға сержант Мәлік Рушановтың есімдері Батыс Қазақстан облыстық ІІД-нің «Естелік кітабына» мәңгілікке енгізілді.
ҚР Конституциясының 17-бабында атап көрсетілгеніндей, адамның қадір-қасиетіне ешкімнің қол сұғуына жол берілмейді. Сондықтан қандай кезде де полиция қызметкері Конституциялық нормаларды жүзеге асыруы тиіс. Ол қылмыс жасағаны үшін ұсталған күдіктілерді азаптауға, зорлық-зомбылық көрсетуге және басқа да адами қадір-қасиеттеріне қол сұғатын қарым-қатынасқа баруға немесе жазалауға жол бере алмайды.
Азаматтардың заңға жүгінуін, олардың құқығы мен бостандығының қорғалуын бақылауды ІІД және ҚАІІБб жанында құрылған қоғамдық кеңес жүзеге асырады. Құрамында облыстың танымал қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері бар кеңесте полицияға түсірген өтініштері қанағаттандырылмаған немесе шара қолданылмағаны жөнінде түрлі ұйым өкілдері мен қарапайым халық арыз-шағымдарын жеткізе алады.
Жақында ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстың қорытындысы шығарылды. Алты ай ішінде аймақта жалпы қылмыстардың ашылу деңгейі біршама жақсарған. Мәселен, ауыр қылмыстар саны - 30,2 %-ға, қасақана кісі өлімі - 19,4 %-ға, денсаулыққа қасақана зиян келтіру - 29,0 %-ға, зорлау - 9,7 %-ға азайған. Ал қарақшылық - 33,3 %-ға, алаяқтық 6 пайызға төмендеген. Жалпы, осы уақыт аралығында қоғамдық орындар мен халық көп жиналатын орындарда, көшелерде жасалатын қылмыстардың көбейіп, керісінше топтасып жасалатын құқық бұзушылықтар санының біршама азайғанын байқауға болады.
Соңғы жарты жылда облыс аумағында жол-көлік апаты, жол оқиғалары 13,4 пайызға азайған. Қылмыскерлерді іздестіру жұмыстары 83,8 пайызға жетіп отыр. Анықталған есірткі қылмысының жалпы саны 2,7 пайызды көрсетіп, заңсыз айналымнан 22,7 келіге жуық есірткі заттары тәркіленді.
ҚР ІІМ және жергілікті билік өкілдерінің қолдауымен ІІД-нің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Полиция қызметкерлері тек соңғы үлгіде жабдықталған компьютер мен автокөлікті ғана емес, ақпаратты өңдеу және таратуда да технологиялардың соңғы жетістіктерін қолданып келеді. Мәселен, алғашқы жартыжылдықта жедел басқару орталығының көмегімен 56 қылмыстық іс ашылды.
«Бір ескеретін жайт, қылмыскерлерге қарсы күресте біз жалғыз емеспіз. Тұрғындар полиция қызметкерлеріне көмек қолын созып, қылмысты ашу жұмысына белсене араласуға әр уақытта дайын. Ағымдағы жылдың сәуір айында Ақсай қаласында 10 жасар бүлдіршіннің жоғалып кетуі жөніндегі суыт хабар облыс жұртшылығын дүр сілкіндірді. Полицияның іздестіру тобы қыздың жоғалуын ата-анасы мен ағасының осы аймақтағы белгілі кәсіпкерлігімен байланыстырып, бүлдіршіннің амандығы үшін қомақты ақша талап етуі мүмкіндігін жасырмаған еді. Сол кезде қызды іздестіру және куәгерлерді табу жұмысына мыңдаған полиция қызметкері, тәжірибелі сақшылардан құралған тоғыз жедел тергеу тобы, «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлініс жауынгерлері жұмылдырылды. Қиын сәтте іздестіру жұмысына қолұшын беруге дайын екендіктерін білдірген жүздеген адам полиция қызметкерлеріне маңызды ақпарат берді. Осылайша ауызбіршілік пен полицияға деген халықтың шынайы сенімі арқасында куәгерлер табылып, қызды ұрлаған автокөлік маркасы және оны ұстап отырған пәтер туралы ақпаратқа қол жеткіздік. Арнайы операция жүргізу барысында бір тәуліктен кейін бүлдіршін мен Орал қаласындағы пәтерлердің бірін жалдап тұрып жатқан қылмыскерлер де табылды. Адамның рухани құндылықтарына қайшы келетін қылмыс жасаған арсыз қаскөйлердің қолына сол күні-ақ кісен салынды. Тергеу барысында бүлдіршіннің өмірін саудаламақ болған қаныпезерлердің Орал қаласының жұмыссыз жүрген, бұрын сотталған 30 жастағы екі тұрғыны екені анықталды. Бұл істің осылайша сәтті аяқталуы полиция қызметкерлерінің көрсеткен кәсіби тәжірибесінің, сонымен қатар құқық қорғау органдарына деген тұрғындардың сенімі үлкен ықпал етті деп айта аламын.
Әлемнің барлық мемлекеті өз Конституциясын құрметтейді. Конституцияның баптары уақытқа тәуелсіз және баршаға ортақ. Батысқазақстандық полиция қызметкерлері өңірде орын алған барлық заң бұзушылыққа қарсы жан-жақты әрі кәсіби деңгейде қызмет жасауға дайын», деп қорытты ойын А.Жалмұханбетов.