Ата заңның Преамбуласын жаңғырту қастерлі құжатты өміршең ете түседі – Мәжіліс депутаты
АСТАНА. KAZINFORM – Ата заңның Преамбуласын жаңғырту, мазмұнын жетілдіру осы қастерлі құжатты өміршең ете түседі. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында Мәжіліс депутаты Бақтығожа Ізмұхамбетов айтты.
- Ел болашағы үшін айрықша маңызға ие конституциялық реформаны бүкіл жұрт болып пысықтап жатырмыз. Бірінші кезекте Ата заңның Преамбуласын жаңғырту, мазмұнын жетілдіру осы қастерлі құжатты өміршең ете түседі. Преамбула мәтінінде көрініс табуы тиіс ұсыныстардың ішінде болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік пен оның мүддесі туралы арнайы норма қарастырылған. Бұл бір ауыз сөз келер ұрпақтың қуанышы мен қызығына, мұрат-мақсатына тікелей қатысты. Елдік мүддені көздеген ұлтқа қызмет ету қағидасы ең әуелі келешектің қамы үшін жасалады. Өскелең ұрпақ алдына әрбір азаматтың, қоғам мен мемлекеттің атқарып кетуі тиіс өз жауапкершілігі бар. Ертеңгі күнге қалған жүк ұрпаққа ауырталып қана әкелетіні белгілі. Демек, қоғам ұғымы сіз бен бізге ғана емес, ол келешек ұрпақты да қамтиды, - деді депутат.
Сондықтан оның пайымынша, мемлекет дамудың ұзақмерзімді, кешенді жоспарын әзірлегенде осы құндылықтар мен ұлт мүддесін жан-жақты басшылыққа алуға тиіс.
- Болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік мемлекеттік саясаттың негізгі тірек қағидаттарының бірі. Бұл қағидат экологиялық саясатты қалыптастыруда, бюджеттік жоспарлауда, табиғи ресурстарды ұтымды әрі үнемді пайдалануда, ұлттық байлықты сақтауда басты бағдар болуы қажет. Бұл ұстаным мемлекеттік басқарудың көз алдағы мүдделер емес, елдің тұрақты әрі орнықты дамуына бағытталуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ол мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі мен қоршаған ортаны қорғау міндетімен және ұлттық қауіпсіздікті нығайту мақсатымен өзара тығыз байланысты. Сондықтан бұл норманы бекіту жай декларативті ұстаным емес, мемлекеттік саясаттың нақты стратегиялық бағытын айқындайтын маңызды қағида болуға тиіс, - деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Бұған дейін Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков жаңартылатын Конституцияның кіріспесіндегі өзгешеліктерді тәрбие құралы ретінде бағалады.