Ата заңымыз - еліміздің әрбір заңы тексерілетін эталон - ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі А.Жайылғанова

nbsp; АСТАНА. Тамыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Санаулы күндерден кейін мемлекетіміздің, халқымыздың ең ұлық мерекелерінің бірі, ел-жұртымыздың талқысынан өтіп, таңдауына айналған басты құжатымыз - Конституциямыздың қабылданғанына 15 жыл толады. Қабылданған кезінен бері 1998 және 2007 жылдары бірқатар толықтырулар мен өзгертулер енгізілген Ата заңымыз іргесі нық қаланған мемлекеттігіміздің алтын қазығына,
None
None

бірлігі мен тірлігі, ынтымағы жарасқан халқымыздың бұлжымас бағдарына, кемел келешегіміздің кепіліне айналып үлгерді. Атаулы күн қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі еліміздің Конституциялық Кеңесінің мүшесі, заң ғылымының кандидаты Анар Жайылғановамен сұхбаттасып, бірқатар сауалдарына жауап алған еді, осы сұхбатты оқырмандарымыздың назарына ұсынамыз.

- Анар Нұралықызы! Конституция - халық пен мемлекет арасындағы қоғамдық келісім деген ұғым бар. Яғни Ата заңымыз аталған ұғымға сай келе ме?

- Егемен еліміздің мемлекеттілігін, тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айғақтайтын бірден бір құжат - бұл Конституция. Тәуелсіздігіміздің жастығына қарамастан, Қазақстан Республикасы бүкіл әлемге өзінің өзіндік сипаты бар, болашағы зор мемлекет ретінде танылып отыр. Бүкіл халықтың қолдауымен қабылданған Конституциямыз әлемдік өркениет деңгейіне көтерілуге жігерлендірді, мемлекет құрылысы мен қоғамдық қатынастарды жетілдіріп, жаңа табыстарға бастады. Еліміз халық және сол халық таңдаған билік арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты басшылыққа ала отырып, барлық салада қарышты дамып келеді. Осы жылдар ішінде біз аумақтық тұтастығымызды, қоғамның бірлігі мен тұрақтылығын сақтап, биліктің озық үлгідегі институттарын құра алдық және оны нығайтуға қол жеткіздік. Құқықтық мемлекет орнатуға ұмтылу, әлемнің өркениетті елдерімен жан-жақты экономикалық-саяси тең дәрежеде қарым-қатынас қалыптастыру, ірі экономикалық, құқықтық және әкімшілік реформаларды іске асыру, демократиялық принциптерді құрметтеу мұның бәрі - Ата Заңымыздың аясында атқарылып жатыр. Қорытындылай айтқанда, Конституция мемлекеттің мемлекеттілігін анықтайтын бірде-бір Негізгі Заң болғандықтан, осы 15 жыл ішінде қол жеткізген табыстар бұл Ата Заңымыздың нағыз қоғамдық келісім бола алғандығының айғағы.

- Адамның құқықтары мен бостандықтары, олардың дұрыс қорғалуы әрбір мемлекеттің басты мақсаты дегенімізбен бұл сұрақ әлі күнге дейін күн тәртібінен түспейді. Сіздің көзқарасыңыз?

- Конституциямыздың 1-ші бабында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекетіміздің ең басты қазынасы деп атап көрсетілген. Осыған орай Негізгі Заңымыздың 2-ші тарауы толығымен осы мәселелерге арналған. Бұл 1995 жылғы Конституциямыздың басқа кеңес дәуіріндегі конституциялардан, тіпті мемлекетіміздің 1993 жылы қабылданған Конституциясынан басты айырмашылығы - біз декларативті нормалардан бас тартып, іс жүзінде жүзеге асыруға шамамыз келетін, яғни нақты орындалуға жататын, Конституция нормаларының тікелей қолданылуының айғағы болатын құқықтарды көрсеттік. Бұл жағдай халықтың Негізгі Заңға деген сенімін арттырды. Мысалы, Негізгі Заңның 24-ші бабында бұрынғыдай еңбек ету құқығы емес, әркімнің еңбек ету бостандығы, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау құқығы орын алды. Сонымен қатар, экономикалық және саяси тұрақтылық жүйесі орныққан қазіргі кезде еліміздің Ата Заңы Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының материалдық, ұйымдастырушылық-құқықтық, саяси кепілдіктерін одан әрі дамытудың тиімді құралдарын жасау жөніндегі ұзақ мерзімдік іс-қимыл актісі екенін түсінудің маңызы зор.

- Ал осы Конституция нормалары екі ұшты болуы мүмкін бе?

- Бұл сұраққа жауап беру үшін, ең алдымен Конституция дегеніміз не деген сұраққа жауап беруіміз керек. Конституция дегеніміз қарапайым тілмен айтқанда, республикамыздың негізгі ұстанатын принциптері, адам мен азаматтың құқықтары мен міндеттері, мемлекеттің, атап айтқанда, Президенттің және мемлекеттік биліктің үш тармағының, яғни жарлық беруші биліктің, заң шығарушы биліктің және сот билігінің жүзеге асырылуының негізгі қағидалары, жергілікті мемлекеттік билік пен өзін-өзі басқару туралы негізгі ережелер. Ондай болса, барлық заңдар және басқа да заң актілері осы Конституцияға сай болуы міндет. Конституциялық заңдылық дегеніміздің өзі осы жағдайлардан туындайды. Ендеше, Конституция нормалары екі ұшты болуы мүмкін емес. Әрине, заң қабылдау және заңды қолдану тәжірибесінде Конституцияның кейбір нормалары сұрақ тудыруы мүмкін, мұндай жағдайда, Конституцияға сәйкес оның нормаларына талдау беретін, оны түсіндіретін бірден-бір мемлекеттік орган - Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі. Яғни, тиісті жағдайларда Конституцияда көрсетілген субъектілер осындай өтінішпен Конституциялық Кеңеске жүгінеді.

Конституциялық Кеңестің өзіне келетін болсақ, оның мәртебесі, құзыреті Негізгі Заңда және ол туралы конституциялық заңда көрсетілген. Негізгі міндеттері Ата Заңымыздың 72-ші бабында да атап көрсетілген, Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Сенат Төрағасының, Мәжiлiс Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде бестен бiр бөлiгiнiң, Премьер-Министрдiң өтiнiшi бойынша: дау туған жағдайда Республика Президентiнiң, Парламент депутаттарының сайлауын өткiзудiң дұрыстығы және республикалық референдум өткiзу туралы мәселенi шешедi; Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестiгiн Президент қол қойғанға дейiн, Парламент және оның палаталары қабылдаған қаулылардың, Республиканың халықаралық шарттарын бекiткенге дейiн олардың Республика Конституциясына сәйкестігін қарайды. Конституцияның нормаларына ресми түсiндiрме бередi; Конституцияның 47-ші бабының 1 -2-ші тармақтарында көзделген реттерде қорытындылар бередi. Сондай-ақ, соттардың өтiнiштерiн Конституцияның 78-ші бабында белгiленген реттерде қарайды.

- Көп елдерде Конституциялық соттар жұмыс істейді, ал бізде Конституциялық Кеңес, біз неге бұл жолды таңдадық?

- Бұл сұраққа жауап ішінара айтылып өтті десе де болады. Өйткені, біз Конституциялық Кеңестің құзыреті туралы әңгімеледік. Конституциялық соттардың басты мақсаты не? Ол адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қоғамда конституциялық заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету. Бірінші мәселені біздің мемлекетімізде Конституцияға сәйкес құрылған жалпы соттар жүзеге асырады. Ал қандай да бір заң немесе нормативтік-құқықтық акті адамның Конституцияда баян етілген құқығы мен бостандығына нұқсан келтіретін болса, сот іс жүргізуді тоқтатып, осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгінеді.

Ендеше, біздің Конституциямызда көрсетілген адамның құқықтары мен бостандықтарын және конституциялық заңдылықты қорғайтын тетік басқа елдердегі Конституциялық соттардың алдына қойылған міндеттерді толығымен орындайды. Аталған міндеттерді орындап қана қоймай, елімізде сапалы заңдар қабылдануын қамтамасыз ететін қосымша фильтр қызметін атқаратынын да айтып кеткен жөн. Өйткені, құқық теориясына сәйкес, мемлекетте заңдар жұмыс істеп қана қоймай, оның үстіне ол заңдар құқықтық заңдар болуы керек, яғни, қабылданған заңдар Конституцияға сәйкес болуы қажет. Ал, осы маңызды міндетті Конституциялық Кеңес орындап отыр десек, артық айтқандық емес.

- Осы Конституциямыздың Қазақстанды халықаралық аренада өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде танытуындағы рөлі қандай?

- Рөлі орасан зор, өйткені, басқа елдермен халықаралық қарым-қатынастарды қалыптастырудағы басты міндет - олармен халықаралық келісімшарттар жасау және халықаралық келісімдер мен жалпы танылған қағидаларға лайық болу және оларды орындау.

Ал Конституциямыздың 4-ші бабына сәйкес халықаралық шарттар қолданыстағы республикалық құқыққа кіреді. Сондай-ақ халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы атап көрсетілген. Бұл, әрине, мақтанарлық жағдай. Ал әлемде болып жатқан интеграциялық механизмдерге назар аударатын болсақ, бұл мәселенің өте күрделі әрі мемлекет үшін өте маңызды екенін ескеру қажет. Бір жағынан, мемлекеттің мемлекеттілігін сақтап қалу, екінші жағынан, интеграциялық үдерістерден тыс қалмау. Осы екі басты мәселеде ақылға сиятын тепе-теңдік сақтап тұру қажеттілігі әрдайым есте болуы керек. Сондықтан, Конституциялық Кеңес өзінің 2009 жылғы қарашаның 5-інде қабылдаған «Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының нормаларын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдерін орындау тәртібіне қатысты қолданыста ресми түсіндіру туралы» нормативтік қаулысында «Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтитындығы және Конституцияда белгіленген мемлекеттің біртұтастығын және аумақтық тұтастығын, Республиканы басқару нысанын өзгертуге болмайтындығы туралы ережелерін сақтау қажеттілігі, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіруге жол берілмейтіндігі» - атап көрсетілді.

- Қазір бүкіл әлем жұртшылығы экономикалық дағдарыстың қиындықтарын бастан өткеруде, дағдарыс бізді де айналып өткен жоқ. Осы қиыншылықтарды еңсерудегі Конституцияның рөлі қандай?

- Әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында адамзат әлеуметтік мемлекет болуы қажет екенін одан да көбірек түсіне бастады. Тарихи дамудың қазіргі сатысында өздігінен реттелетін нарық болуы мүмкін еместігін де ұғынды. Бүгінде нарық мемлекеттің реттеп отыратын тиімді ықпалына айрықша мұқтаж. Өйткені, ырықсыз кеткен нарық жүйесі әлеуметтік әділдік қағидасы сияқты аса маңызды конституциялық қағиданың сақталуын қамтамасыз етпейді және қамтамасыз ете алмайды да.

Жаһандық қаржылық дағдарыс біздің шынайы жай-күйімізді, яғни қаржы институттарын, бірінші кезекте азаматтарымыздың мүдделерін заңнамалық қорғауда орын алған кейбір кемшіліктерді және корпоративтік басқаруда, банк туралы, банкроттық туралы заңнамада, инвестициялық заңнамада қандай мәселелерге зейін қою қажеттілігін ашып берді.

Алайда, осындай қиындықтарға қарамастан, Қазақстан өз азаматтарының әлеуметтік қорғалуына кепілдік бере отырып, бұл дерттен, бұл әлемдік экономикалық пәлекеттен мейлінше аз шығынмен өтіп алды. Тіпті, Қазақстан алдына одан да зор экономикалық міндеттер қойып, бұл сынақтан қайта түлеп, ширығып шықты.

Сонымен, елімізде қабылданған дағдарысқа қарсы шаралар Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны туралы еліміздің Негізгі Заңының ережелері жүзеге асырылып жатқанын дәлелдеді.

Мәселен, Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-ші бабының 1-ші тармағында «Қазақстан Республикасы өзiн ...әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады; ...", - деп паш етеді. Бұл ереже, Қазақстан, мемлекеттің мүмкiншiлiгiне қарай отырып, өзiнің азаматтарына игiлiктi өмiр сүру үшiн жағдай жасау және жеке адамның еркiн дамуы арқылы әлеуметтiк теңсiздiктi жұмсартуға мiндеттеме алатын мемлекет ретiнде дамуға ниет танытады дегендi бiлдiредi («Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағын ресми түсiндiру туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2001 жылғы 21 желтоқсандағы N 18/2 қаулысы»).

- Ата Заңымыздың осылайша сындарлы жылдар мен күрделі кезеңдерде лайықты тәжірибе жинақтап, ысылып, шыңдала түскен еліміздің дамуы мен қарыштап алға басуына қосар үлесі қандай?

- Ең бастысы, Негізгі Заңымыздың принциптерін, яғни негізгі іргелі қағидаларын бұлжытпай сақтау. Атап айтар болсақ, олар - қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу.

Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздегі әрбір заң тексерілетін эталон болып табылады. Бұл Отанымызға адал болуға, оны қорғауға және абыройын асқақтатуға ант беретін құжат. Қазақстан Республикасының азаматтығы да осы құжаттағы өлшемдерге сәйкес алынады. Бұл халыққа қиыншылықтардың бәрін, солардың ішінде экономикалық дағдарысты да жеңуге күш беретін мықты тірек әрі негіз. Бұл - еліміздің бүкіл заңнамасы бағаланатын және соған қарап бағыт-бағдар түзейтін жазбаша стандарт, басты өлшем.

Бұл Конституция ақиқат қағидалар мен өмір шындығына негізделгендіктен, күні бүгінге дейін өмір сүріп, өзінің маңызды функцияларын атқарып келеді. Конституцияның басты қағидалары оған уақытқа да, әлеуметтік жағдайлар мен өзгерістерге де бағынбайтын күш береді.

Ендеше, Еліміздің Конституциясы бізге қайда, қалай жүру керектігін құқық тілінде түсіндіре білді. Ал Мемлекет басшысы - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз халқын конституциялық жолмен конституциялық экономикаға бастап келе жатқанын кезекті рет дәлелдеді!

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар