Атақты «Қара майор» Б.Керімбаевқа Павел Судоплатов атындағы медаль табыс етілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда 28 Панфиловшылар атындағы саябақта Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 27 жыл толуына орай, Мәңгілік алау мен Интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Салтанатты шара барысында Кеңес Одағының батыры Григорий Бояринов атындағы мәскеулік қордың өкілі Ауған соғысының ардагері, жауынгерлер арасында «Қара майор» атанған, бүгінде ҚР Қарулы Күштерінің отставкадағы полковнигі Борис Керімбаевқа «Павел Судоплатов атындағы медальді» табыс етті.
None
None

Өз сөзінде Борис Төкенұлы осындай жоғары дәрежедегі марапатқа ие болғаны үшін мәскеулік қонақтарға ризашылығын білдірді.

«Ауғаныстан менің жанымнан, есімнен ешқашанда кетпейді. Мен сана-сезіміммен үнемі сол жақта жүремін. Ауған жері, Пандшер шатқалы түсіме кіреді. Бұл ауғандық синдром ғой. «Ауғандықтардың» барлығы осындай күй кешеді. Біз «ауғандықтар» бір-бірімізді ешқашанда ұмытпаймыз. Үнемі қолдау көрсетіп отырамыз. Кездесіп тұрамыз. Бүгін мына марапатқа ие болғаныма ризашылығымды білдірмін. Рахмет», - деді Б. Керімбаев.

Айта кетелік, Григорий Бояринов - Кеңес Одағының батыры, 1979 жылы Ауғаныстан Президенті Хафизолла Аминнің сарайына қарсы шабуыл операциясының жетекшісі. Осы операция барысында қаза тапқан. Ал Павел Судоплатов - кеңестік барлаушы, КСРО ІІМ генерал-лейтенанты. 1941 жылы алғашқы арнайы мақсаттағы жасақтардың негізін қалаушы және құрушы.

Борис Төкенұлы Керімбаев 1948 жылы 12 қаңтарда Алматы облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген. 1970 жылы В. И. Ленин атындағы Ташкент әскери училищесін тәмамдаған. 1980-1983 жылдары Ауған соғысына қатысып, арнайы тапсырмаларды орындайтын мұсылман батальонының командирі болды. Сауатты басшылықтың арқасында батыр командирдің сарбаздары аз шығынға ұшырап, көбінесе жеңіске жетіп отырған. Пандшер шатқалында моджахедтердің атақты қолбасшысы Ахмад Шах Масудтың әскерімен соғысқан. Оның ерлігі аңызға айналып «Қара майор» деген лақап аты күллі аймаққа жайылған.

1992 жылы денсаулығына байланысты полковник шенімен отставкаға шықты.

Батыр туралы «Қара майор» фильмі түсірілген.

Соңғы жаңалықтар