Атам көз жұмғанда бүркітінің жылағанын ешқашан ұмытпаймын – құсбегі бала
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың іргесінде қыран баптап отырған әулет бар. Күнтуған әулеті үшін құсбегілік - атадан мирасқа қалған киелі құндылық. Қазақтың ақсүйек өнеріне деген қызығушылықты әулеттің үлкендері мектеп жасындағы Диастың бойына да сіңіріп үлгеріпті. ҚазАқпараттың бүгінгі сұхбаты осы тақырыпқа арналады.
Диас, Мирас, Алмас - үшеуі де құсбегіліктің қыр-сырын атасы Күнтуған Тоқтыбайұлынан үйренген екен.
Қазір қолы қалт етсе, Нұр-Сұлтаннан 38 шақырым жердегі Софиевка ауылына тартып тұрады. Қыран құстың саңқылдаған үнін естімесе, елегізитін әдет тапқан үшеуі де.

«Ес білгеннен атамның, әкем мен ағаларымның бүркіт баптағанын көріп өстім. Әкеміз ата-баба жолын жалғап, саятшылық сайыстарда өнер көрсетуіміз керек екенін құлағымызға құйып отырады. Бүркітпен достығым осылайша 5 жасымнан басталды. Ауылда өскендіктен бүркітке «көк тағысы екен-ау» деп қараған емеспін. Атам көп нәрсені үйретті. Бүркітті балапан күнінен, жұмыртқаны жарып шыққан кезде-ақ баули бастаған дұрыс деп отыратын. Әуелі ет беріп, адамға үйірсек етеміз. Одан кейін қолға қондыру басталады», - деп бастады Диас әңгімесін.

Қазір ол 14-те. М.Мақатаев атындағы №74 гимназияның 8-сыныбында оқиды. Құсбегі ретінде тұңғыш рет 6 жасында Көкшетаудағы сайыста сынға түсіпті.
«Ол сайысқа атам ертіп апарды. Менің алғышқы ұстазым сол кісі ғой. Ұшқыр деген қаршығам бар еді. Қанжығам майланып, бірінші орын алғанда қуанышымда шек болған жоқ. Бүркітші мен қыран құстың арасындағы байланыс тым нәзік әрі тым берік. Кез келген қыран кез келген құсбегімен немесе кез келген құсбегі кез келген құспен тіл табысып кете алмайды. Әр құстың бабын иесі ғана біледі. Күнделікті тамағын шақтап беріп, күтімін жасаудан бөлек құсты еркелетіп, өзіңе жақын етудің жолдары бар. Өйткені қыран құс та адам сияқты есті. Бәрін сезіп, біліп тұрады. Мені алғашқы жарыста жеңіске жеткізген Ұшқыр қазір жоқ. Ол өлген соң Бүркіт баулуға кірістім. Оның да атын Ұшқыр деп қойдық. Өзі өте епті әрі жылдам. Ұшқыр десе, дегендей-ақ. Атамыз да жолымды жалғаңдар дегенді жиі айтатын. Берген сұхбаттарының бәрінде әулетімізге тән төл өнер деп айтатын. Сондықтан құсбегілікті үзбей, шамамызша жалғап келеміз», - дейді Диас.

Құсбегілік оның сабағына кері әсер етпеген. Оқу озаты бола жүріп, самбо күресімен айналысуға уақыт табады. Наурыз мерекесі сияқты салтанатты шаралар кезінде мектепке қыранын ала барады.
Мұндайда бүкіл оқушылардың назары құсбегі бала мен бүркітке ауады. Бүркітті баптау мен баулудың қандай құпиялары бар? Құсты қолдан жемдеу қауіпті емес пе? Көктегі қыран түгіл қорадағы малдың өзі таңсыққа айналып бара жатқан қаланың балалары үшін мұның бәрі қызық.
Диас атасы мен ағаларынан көргенін істеп, ізіндегі інілерін де бүркітшілікке баулып жүр. Тіпті «шәкірттері» алғашқы жетістіктерге жете бастапты. Жуықта ғана Павлодарда құсбегілер чемпионаты өтіп, Күнтуған әулетінің үш баласы бірдей жүлдеге ілінді. Диас бүркіт баптаудан, Мирас ителгі баптаудан, Алмас қаршыға баптаудан үшінші орын иеленген.

Біз барғанда ең жас құсбегі Алмас үйде болмай шықты. Есесіне Мираспен тілдесудің сәті түсті.
«Құсбегілікпен 11 жасымнан бастап әуестендім. Қазір 12-демін. Ағаларымның құс баптағанына қызыға қарайтынмын. Қыраннан қорқу дегенді білмей өстім. Павлодардағы сайыс өмірімдегі бірінші жарыс еді. Жүлделі орын алғаным мені де қанаттандырды», - дейді Мирас.
Диастың айтуынша, жауапты жарыс кезінде Бүркітке ерекше бап керек.

«Бүркіт тоқ болса, жылдам ұша алмауы мүмкін. Сондықтан орта құрсақ етіп жемдейміз. Бабын келістірем деп жүріп шамырқандырып алуға тағы болмайды. Етті де таңдап берген жөн. Бүркітке баланы күткендей бап керек, қысқасы. Жазда тамақтан шектемейміз. Тойғанынша жей береді. Ал қыста бабында болуы керек. Өйткені алғаш қар түскеннен кейін олардың жарыс маусымы басталады. Ашқұрсақ бүркіт алғыр болады. Сондықтан тамақтан шектеуге тура келеді. Ал жазда қоян, түлкі, суыр, көгершін етін береміз», - деді жас бүрткітші.
Қанша жерден көк тағысы десек те, бүркіт те адамға бауыр басқыш келеді екен.
«Олар шынымен де бәрін түсінеді. Еркелейтін, мұңға бататын кездері болады. Атамыздың Ақбалақ деген бүркіті болды. Атам көз жұмғанда бүркіттің көзінен жас шыққанын көрдік. Бұл сәтті ешқашан ұмытпаспын. Қазір Ақбалақтың жасы 28-де. Ал менің бүркітім үште. Бүркіттер сезімтал деп отырмыз ғой, жарыста жеңіске жетке кезде қанатын қайта-қайта қомдап, айналасына жарқ-жұрқ етіп қарап, желпініп қалады», - деп күледі Диас.

Оның сөзіне қарағанда, адамның нитеі таза болса, достық пейілді бүркіт те тез аңғарады.
«Ең бастысы үрей болмауы керек. Бабын дәл тауып, жақсы күтім жасаса, ол да тез үйренісіп кетеді. Шынымен саятшылыққа әуестігіңіз болса, құсбегілікті үйрену аса қиын емес. Ұшқырыммен бірге Азия чемпионы атанып, атамның жолын абыроймен жалғағым келеді», - дейді бүркітшілер әулетінің ұрпағы.
Үш баласының құсбегілікке әуестігін анасы да қолдап отыр.
«Атамыз көзі тірісінде талай сұхбат берді. Талай жыл ауылда тұрдық. Балалардың бәрі жас күнін сонда өткізді. Балаларымның баба жолын жалғап жүргені қуантады. Құсбегілікті абыроймен жалғап жүрген балаларымды мақта тұтамын», - дейді Гүлмира Жиналыс.

Ал жас бүрткітшілердің әкесі Базарбек Күнтуған республикалық «Құсбегілік» федерациясында аға бапкер болып жұмыс істейді.
«Көне өнерді жандандыру елімізде тым кеш қолға алынды. Ал астана аумағында бүркітшілікті қайта дамытуды бастаған әкеміз Күнтуған болатын. Астанада құсбегілер мектебін ашып, «Бүркіт» деген кітап та жазды. Жыл сайын сол кісінің атындағы халықаралық турнир өтіп тұрады. Қазір ұрпақтары баба жолын абыроймен жалғап, сайыстарда жүлделі орын алып жүр», - дейді Базарбек Күнтуған.

Ол құсбегілік өнердің қайта жандануы - тәуелсіздіктің игілігі деп есептейді.
«Құсбегіліктің ұлттық спорт түріне еніп, ережесі бекітілуі, әр облыста федерация филиалдарының жұмыс істеп тұруы тәуелсіздіктің игілігі деп білемін. Бүркіт біздің туымызда бар. Елдің 10 облысында және үш қалада құсбегілік бөлімдері бар, онда бапкерлер жұмыс істейді. Өңірлерде құсбегілікке деген сұраныс біртіндеп артып келеді. Әсіресе жастардың әуестене бастауы қуантады. Құсбегілік – жас таңдамайтын өнер. Ең бастысы, ниет пен қызығушылық болуы керек. Бірақ бұл екінің бірі бүркітші бола алады деген сөз емес. Құс пен адам арасындағы байланыс өте маңызды. Құс иесін үнемі іздеп тұрады. Ауырып қалса немесе қайтыс болса, көзінен жас шығарып, қайғыра да біледі. Қазір болашақ құсбегілерді арнайы әдістемеммен дайындау қолға алынған. Құсты қолға үйрету, онымен тіл табысу амалдарын үйретудің нақты регламенті бар. Жыл сайын елімізде түрлі сайыстар өтеді. Мысалы, биыл Шығыс Қазақстан облысында Президент кубогын өткізбекшіміз. Ол жарысқа бірнеше елден құсбегілер келеді деп жоспарланған», - дейді Базарбек Күнтуған.


