АТАНИЯЗОВ МЫРЗАҒҰЛ
Атаниязов Мырзағұл (1899-1945) - мемлекет және қоғам қайраткері. 1917 жылғы қазақ оқушы жастарының «Жас тілек» мәдени-ағарту ұйымын құрушылардың бірі.
Бұрынғы Торғай облысы Ақтөбе уезінің №1 ауылында (қазіргі Ақтөбе облысы) туған. Орыс-қазақ училищесін, Ақтөбе мұғалімдер семинариясын, КСРО Әділет халық комиссариаты жанындағы Жоғары әділет курсын бітірген.
1918-1920 жылдары - ауыл мектебінің мұғалімі, алғашқы Кеңестерді ұйымдастырушы. 1920-1921 жылдары - Ақтөбе қаласындағы уездік атқару комитетінің хатшысы, төрағаның орынбасары. 1921-1922 жылдары - Ақтөбе губерниялық трибуналы әскери алқасы төрағасының орынбасары, төрағасы. 1922 жылы - Қырғыз (Қазақ) облыстық комитетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары, Қазақ АКСР Әділет Халық комиссары қызметтерін атқарған. 1922-1924 жылдар аралығында Мәскеуде оқыған. 1925-1927 жылдары Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы Жоғарғы Соты Қазақ бөлімінің төрағасы болды. 1927-1928 жылдары - Ақмола губерниялық атқару комитетінің төрағасы. 1928-1929 жылдары - Семей округтік атқару комитетінің төрағасы. 1929-1930 жылдары - Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы Қазақ өлкелік комитетінің нұсқаушысы. 1930-1931 жылдары - Қарқаралы округтік комитетінің және Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы аудандық комитетінің хатшысы. 1931-1932 жылдары - Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы Қазақ өлкелік комитетінің нұсқаушысы. 1932-1933 жылдары - Алматы қалалық бақылау комиссиясы жұмысшы-шаруа инспекциясының төрағасы. 1933-1934 жылдары - Қазақ АКСР-нің прокуроры. 1935-1937 жылдары - Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы Әулие-Ата аудандық комитетінің хатшысы. 1937-1938 жылдары Қазақстан Коммунистік (большевиктер) партиясы Орталық комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімнің меңгерушісі, «Аульный Казахстан» журналының редакторы қызметтерін атқарған.
Мырзағұл Атаниязов РКФСР Жоғарғы Соты Қазақ бөлімінде азаматтық істер жөніндегі сот алқасының құрылуына айтарлықтай үлес қосып, мемлекеттік құрылысты нығайту істері мен заң мекемелері жүйесін қалыптастыруда айрықша еңбектер сіңірген. Ашаршылық жылдары Қазақстанның жер-жеріндегі асыра сілтеушілік пен заңсыздықтардың бетін ашқан.
1938 жылы қазақ зиялылары қуғын-сүргінге ұшыраған шақта жалған айыппен тұтқындалып, ГУЛАГ-тың Архангельск лагеріне жіберілген. 1943 жылы денсаулығына байланысты түрмеден босап шығып, екі жылдан кейін қайтыс болған. 1957 жылғы қазан айында ақталған.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы 1 том.