Атасына тартқан шөбересі бар: Қажымұқанның Омбыдағы ұрпақтары

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақ халқының мақтанышы, әлемге әйгілі балуан, Күш атасы атанған Қажымұқан Мұңайтпасұлының ұрпақтары бүгінде Қазақстанмен қатар Ресейдің Омбы өңірінде де өмір сүріп жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Қажымұқанның шөбересі Айкен Мұқанова айтып берді. 

«Атасына тартқан шөбересі бар»: Қажымұқанның Омбыдағы ұрпақтары
Фото: Kazinform

Оның айтуынша, Қажымұқанның тұңғыш ұлы Қалиолла Омбыда дүниеге келген. Даңқты балуан бір кезеңде Омбы өңірінде 16 жыл өмір сүрген.

— Қажымұқан атамыздың тұңғыш ұлы Қалиолла Омбыда туған. Қалиолла атамыздан төрт ұл, екі қыз тараған. Қазір олардың ұрпақтары Ресейдің Омбы облысында тұрып жатыр. Қалиолланың үлкен ұлы Шабданнан менің әкем Жанайдар тарайды. Сонымен қатар Әлке, Құлымбек және Фарида мен Рауза есімді қыздары болған. Біз — Қажымұқан атамыздың тұңғыш ұлынан тараған шөберелеріміз, — дейді Айкен Мұқанова.

«Атасына тартқан шөбересі бар»: Қажымұқанның Омбыдағы ұрпақтары
Фото: Kazinform

Шөбересінің айтуынша, бүгінде Омбыдағы әулет арасында Қажымұқанға тартқан дене бітімімен ерекшеленетін жастар да бар.

— Қазір Азамат деген ініміз бар. Денесі Қажымұқан атасынан тартқан, ірі тұлғалы жігіт. Бойы шамамен 183 сантиметр, салмағы 120-125 келі тартады. Аяқ киім өлшемі 44-45. Киім таңдағанда да өлшеп, арнайы шақтап киетін кездері болады. Ол Омбыдағы «Меж-Компани» сүт зауытында жұмыс істейді. Бұйырса, осы бауырымыздан үлкен үміт күтеміз. Мүмкін, Азаматтың ұрпағы атасының жолын жалғар деп ойлаймыз, — деді ол.

Айкен Мұқанованың айтуынша, Азаматтың дене бітімі әулеттегі Қажымұқаннан дарыған ерекшеліктің бір көрінісі.
Айкен Мұқанова өзі де Омбыда дүниеге келіп, сол жақта өскенін айтады. Кейін тарихи Отанына қоныс аударып, ата мұрасын зерттеуге ден қойған.

«Атасына тартқан шөбересі бар»: Қажымұқанның Омбыдағы ұрпақтары
Фото: Kazinform

— Мен Омбыда туып-өстім. Елге келгелі атамның тарихын зерттеп, ол кісінің мұраларын жинау жолында еңбек етіп жүрмін, — дейді ол.

Айкен Мұқанованың айтуынша, балуан атамыз Батима әжемізбен бірге 1914–1925 жылдары Омбы қаласындағы Волковская көшесі, 124-үйде тұрған.

«Атасына тартқан шөбересі бар»: Қажымұқанның Омбыдағы ұрпақтары
Фото: Kazinform

— Өкінішке қарай, ол кісілер тұрған үй мен сол аумақтағы жерді кейін басқалар сатып алған. Ол жерде қазір не қалды? Үйдің орны бар ма? Оны көре алмаймыз. Батима әжеміз 1894–1966 жылдары өмір сүріпті. Үлкендерден сұрастырып жүріп, әжеміздің жатқан жерін тауып, 2023 жылы Омбыдағы ұрпақтары жиналып, Омбы облысындағы Қожа ауылына барып, әжеміздің басына ескерткіш орнаттық, — дейді Айкен Мұқанова.

«Атасына тартқан шөбересі бар»: Қажымұқанның Омбыдағы ұрпақтары
Фото: Kazinform

Зерттеушілердің дерегінше, Қажымұқан Мұңайтпасұлының төрт ұлы — Қалиолла, Ғабдолла, Айдархан және Жанәділ болған. Сонымен қатар София, Әсия және Рашида есімді қыздары дүниеге келген. Бүгінде олардың ұрпақтары Қазақстанның Түркістан, Қызылорда өңірлерінде және Ресейдің Омбы облысында өмір сүріп келеді.

«Атасына тартқан шөбересі бар»: Қажымұқанның Омбыдағы ұрпақтары
Фото: Kazinform

Қажымұқанның алғашқы жары Надежда Чепковскаямен (кейін Фатима атанған) Омбыда некелескені белгілі. Осы отбасынан Қалиолла дүниеге келген. Қалиолладан тараған әулет қазір Омбы облысының Варшава ауданына қарасты өңірлерде тұрады.

Айкен Мұқанова биыл Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 155 жыл толып отырғанын атап өтіп, балуанның әкесі Мұңайтпас атаның жатқан жеріне ерекше көңіл бөлінуі қажет екенін айтты.

«Атасына тартқан шөбересі бар»: Қажымұқанның Омбыдағы ұрпақтары
Фото: Kazinform

— Қажымұқан ауылында балуан атамыздың әкесі Мұңайтпас атамыздың зираты бар. Өкінішке қарай, қазаққа Қажымұқандай ұл сыйлаған бабамыздың жатқан жері бүгінде қараусыз қалып отыр. Сол жер қоршалып, күтімге алынып, басына лайықты белгі қойылса екен деймін.

Биыл Қажымұқан атамыздың 155 жылдығы. Өзім қор құрып осы жұмысты қолға алып жатырмын. Осы орайда ел азаматтары Мұңайтпас атамызды да еске алып, кесенесіне қамқорлық жасап, көмек қолын созса деген тілегімді білдіремін, — деді Қажымұқанның шөбересі.

«Атасына тартқан шөбересі бар»: Қажымұқанның Омбыдағы ұрпақтары
Фото: Kazinform
«Атасына тартқан шөбересі бар»: Қажымұқанның Омбыдағы ұрпақтары
Фото: Kazinform

Айта кетейік, Мұңайтпас атаның шаңырағында дүниеге келген Мұқан кейін күллі әлемге Қажымұқан атымен танылып, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіпқой балуан ретінде тарихта қалды. Оның ұрпақтары бүгінде ата мұрасын насихаттап, даңқты баба есімін ұлықтау ісін жалғастырып келеді.