Атбасарда полиция қызметкері жаяу жүргіншіні қағып, мерт қылды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысының Атбасар қаласында полиция қызметкері жаяу жүргіншіні қағып, мерт қылды. Полиция іс қозғады.

Полиция
Фото: Астана әкімдігі

Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы тамыздың 18-де түнгі сағат 02:50 шамасында болған.

«Атбасар қаласында жаяу адамды көлік қағып кетті, ол алған дене жарақатынан көз жұмды. Осы оқиғаға қатысы бар жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды», - деді ведомстводан.

Әлеуметтік желіде тараған жазбада күдікті 2013 жылдан бері полиция қызметкері болып жұмыс істеген.

ПД баспасөз қызметінен кінәлі жүргізушінің полиция қызметкері болып істегенін растап отыр.

«Қазіргі уақытта ол теріс себептермен ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылды. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды және тергеу барысы Ақмола облысы ПД басшылығының бақылауында», - деп толықтырды ведомстводан.

Айта кетсек, бұдан бұрын «Жезқазған – Петропавл» тас жолында адам қағып, мерт қылған жүргізуші ұсталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар