02:14, 13 Сәуір 2025 | GMT +5
Атбасардағы жол апаты: зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы Атбасарда жол апатынан зардап шеккендердің қазіргі жағдайы туралы ақпарат берді.

Апат салдарынан жарақат алған төрт адам Атбасар көпбейінді ауданаралық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілген.
Мәліметке сәйкес:
- 49 жастағы әйел бас-ми жарақатын және бел тұсынан соққы алған. Орташа ауыр халде ауруханаға түсіп, травматология бөліміне жатқызылды.
- Жасөспірім басы мен жамбас тұсының ауырсынуына шағымданып, травматология бөліміне қабылданып, симптоматикалық ем алып жатыр.
- 61 жастағы әйелдің жағдайы нашарлап, жансақтау бөліміне ауыстырылды. Оған облыстық нейрохирургтер қашықтан кеңес беріп, бақылау мен емдеу бойынша ұсыныстар берілді.
- 2018 жылы туған бала басының желке тұсынан жарақат алған. Қабылдау бөлімінде жағдайы нашарлаған соң, шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылды. Облыстық балалар нейрохирургтерімен кеңес жүргізіліп, емдеу тактикасы бекітілді.
Қазіргі таңда баланың жағдайы тұрақты, орташа ауырлықта, ол санавиация арқылы Көкшетау қаласындағы облыстық балалар ауруханасына ауыстырылмақ.
Еске салайық, бұған дейін Атбасар қаласында Mercedes көлігі төрт жаяу жүргіншіні қағып кеткені хабарланған болатын.