Атырау әкімінің орынбасары ұсталғаны туралы ақпаратты адвокат жоққа шығарды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасовтың ұсталғаны туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы оның адвокаты Нұрлан Жолболов мәлімдеді.
Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов пен «Қалалық тұрғын үйлерді коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС бас директорының орынбасары Бейбіт Мағзұмов ұсталды деген ақпарат тарады. Сонымен қатар қала әкімі Шәкір Кейкиннің де жұмыс уақытында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау облысы бойынша департаментіне түсінік беруге шақыртылғаны айтылды.
Адвокат Нұрлан Жолболовтың айтуынша, шаһар басшысы Шәкір Кейкин мен оның орынбасары Мейіржан Мұқасовтан құқық қорғау органдарының өндірісіндегі қылмыстық іс бойынша жауап алынған.
— Бұл іс бойынша оларға біздің адвокаттық кеңсенің адвокаттары өкілдік етіп жатыр. Осыған байланысты қала әкімі де, оның орынбасары да ұсталмағанын мәлімдеймін. Қазіргі уақытта олар қызметтік міндеттерін атқарып, жұмысын жалғастырып жатыр, — деп пікір білдірді адвокат Нұрлан Жолболов.
Айта кетейік, Kazinform агенттігі 2 маусым күні аталған шенеуніктердің ұсталу дерегінің рас-өтірігін білу мақсатында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми жауап жолдаған. Әзірге хатқа жауап келмеді.
Бұған дейін Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының бұрынғы басшысы бас бостандығынан айырылғанын жазған едік.