Атырау – Ақтөбе бағытындағы пойызда билетсіз жолаушы қайтыс болды
АСТАНА. KAZINFORM – Атырау – Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызында жол жүру билетінсіз отырған ер адам көз жұмды. Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша пойыз бастығы мен екі жолсерік жұмыстан шығарылды.
«Жолаушылар тасымалы» компаниясының мәліметінше, оқиға 2026 жылдың 13 шілдесінде №691/692 жолаушылар пойызында Қандыағаш – Ақтөбе учаскесінде болған.
Пойыз бастығының рапортына сәйкес, жолаушы билетсіз жүрген. Оны вагонға жолсерік мінгізген. Жол жүру барысында ер адам кенеттен қайтыс болған.
Компанияның хабарлауынша, вагондағы ауа баптау (кондиционер) жүйесі қалыпты режимде жұмыс істеген, ал температуралық режим белгіленген талаптарға толық сәйкес болған. Марқұм жолаушы отырған вагон 2023 жылы шығарылған.
Пойыз Ақтөбе станциясына келгеннен кейін, марқұмның денесі қажетті процессуалдық іс-шараларды жүргізу үшін уәкілетті органдардың қызметкерлеріне тапсырылды.
Сол күні тасымалдаушының «Батыс» филиалында ішкі қызметтік тексеру жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша вагонның екі жолсерігі мен пойыз бастығының еңбек шарттары бұзылып, олар жұмыстан шығарылды.
Ақтөбе учаскесінің бастығына және өндірістік оқыту жөніндегі нұсқаушыға қатаң сөгіс жарияланды. Сондай-ақ, «Батыс» филиалының басшылық құрамына қатысты да жұмыстан босатуға дейінгі қатаң тәртіптік шаралар қолдану жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын Ақтөбе станциясындағы Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері тергеп жатыр.
— «Атырау – Ақтөбе» бағытындағы пойызда жолаушының кенеттен қайтыс болуына байланысты Ақтөбе станциясындағы Көліктегі полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Алдын ала қойылған диагноз — екі жақты пневмония. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, — деп мәлімдеді ведомство.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы әуежайында оқыс оқиға болып, жолаушылар маңына құбыр құлағанын жазғанбыз.