Атырау-Астрахан, Мерке-Бурылбайтал – Құрылысы ұзаққа созылған автожолдарға басымдық берілмек
ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында құрылысы ұзаққа созылған жол жобалары туралы айтып берді, деп хабарлайды Kazinform.

«Биыл халықтың шағымын ескере отырып, барлық күш 4-5 жыл бұрын басталып, құрылысы ұзаққа созылған 6 негізгі жобаны жүзеге асыруға бағытталды. Бұл – Талдықорған-Өскемен, Қарағанды-Алматы, Мерке-Бурылбайтал, Ақтөбе-Қандыағаш және Атырау-Астрахан жолдары», - деді Марат Қарабаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Әсіресе ерекше назар Батыс Қазақстан облысындағы күрделі жөндеу жұмыстарына аударылып отыр. Өңірде жалпы ұзындығы 245 шақырым болатын Казталов-Жәнібек және Өнеге-Бисен-Сайқын жолдары жөнделуде. Оның 220 шақырымында қозғалыс қамтамасыз етілген, жобаларды толық аяқтау 2024 жылға жоспарланып отыр.
«Қазір құрылыс маусымы аяқталуына байланысты, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының барлық күші, жолдарды қыс мезгіліне дайындауға бағытталған. Жолдарды қыста күтіп ұстау үшін 142 мың текше метр құм және 25 мың тонна техникалық тұз әзірленді. Ұлттық оператор 1 870 қысқы техниканы жұмылдырды, оның ішінде 493-і мердігер ұйымдармен дайындалса, 218-і жалға алынды», - деп түсіндірді М.Қарабаев.
Айта кетейік, Биыл Қазақстан бойынша 10 700 шақырым жолға құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіледі. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде нормативтік жағдайдағы республикалық желіде 92 пайызға, жергілікті желіде 87 пайызға дейін жетпек.