«Атырау» футбол клубын сатып алатын кәсіпкер 1 млрд теңгеге академия салу керек

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысы әкімдігі «Атырау» облыстық футбол командасын сатуға шығарды. Нысанның бастапқы бағасы 175 млн теңгеден асады. Ал тәуелсіз компания клубтың барлық жағдайын саралап, 250 млн теңгеге бағалаған.

ФК «Атырау» выставили на торги: какие требования предъявят новому владельцу
Фото: ФК «Атырау»

Аукцион 2026 жылғы 10 наурызда сағат 10:00-де өтеді. Өтініштер 10 наурыз күні сағат 09:55-ке дейін қабылданады. Шартқа сәйкес, саудаға бір ғана қатысушы қатысқан жағдайда да сату рәсімі жүзеге асырылады.

- Жекешелендіру талаптарына сәйкес, жаңа меншік иесі құны кемінде 1 млрд теңге болатын футбол академиясын салуға міндетті. Академия құрамында ашық және жабық футбол алаңдары, душ және санитарлық бөлмелер, жаттықтырушыларға арналған кабинеттер, медициналық және қалпына келтіру бөлмелері, кемінде 50 спортшыға арналған жатақхана немесе тұрғын орын болуы тиіс,- деді Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бөлім басшысының міндетін атқарушы Аманжол Сағынғалиев.

Мамандандырылған спорт кешенінің құрылысы жекешелендіру шарты жасалған күннен бастап үш жыл ішінде аяқталуы қажет. Сондай-ақ облыстық әкімдік сатып алушыға мынадай талаптар қойып отыр:

– Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін команда құрамында кемінде 25 кәсіби футболшы болуы;

– клубтың тарихи атауын, түстерін және эмблемасын сақтау;

– дарынды балалар мен жасөспірімдерді іріктеу жұмыстарын ұйымдастыру;

– оқу-жаттығу жиындары мен дайындық шараларын қамтамасыз ету.

Бұдан бөлек, жаңа иесі клубтың қаржылық, спорттық және инвестициялық қызметі туралы жыл сайын облыстың профильдік басқармаларына есеп беріп отыруы тиіс. Жекешелендіру шарттары сатып алу-сату келісімшартының ажырамас бөлігіне айналады.

Айта кетейік, ФК «Атырау» 1980 жылдан бері кәсіби командалық турнирлерге қатысып келеді. Клуб 2001 және 2002 жылдары Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанса, 2009 жылы ел Кубогын жеңіп алған.

Айта кетейік, өңірдегі футбол клубы 2017-2025 жыл аралығында сенімгерлік басқаруда болды. Жергілікті әкімдік өкілдері кәсіпкердің басқаруында болған кезде клуб жұмысы нәтижесіз болды деп отыр. Өткен маусымда Премьер-лигада бұл команда көш соңына тұрақтаған еді.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум