«Атырау» футбол клубының бас менеджері Дидар Сыдықбек қызметінен кетуі мүмкін

АТЫРАУ. KAZINFORM — Наурыздың соңғы аптасында Дидар Сыдықбек «Атырау» футбол клубының бас менеджері қызметіне кіріскен еді. Ал кеше ол бұл қызметінен кетуді көздегенін мәлім етті.

Дидар Сыдықбек
Фото: instagram.com/iamdidarsydyqbek

Дидар Сыдықбек «Қызылжар», «Астана-1964», «Ақтөбе» және «Ордабасы» клубтарында ойнаған. Футболдағы мансабын аяқтаған соң «Прогресс KZ» талдау қызметінің жетекшісі, «ИТЦ» АҚ бақылау бөлімінің санат маманы, «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті — Елбасы қорының» жобалық кеңсе үйлестірушісі лауазымдарын атқарған.

Кейін SD Family Group директоры, Қазақстан Медиа-футбол федерациясының президенті болған. Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясы «Алаң» инфрақұрылымдық жобасының кеңесшісі ретінде басшылық тәжірибе жинаған.

— Өмірдегі ең бастысы — өзіңе және әрине, өзгелерге адал болу. «Атырау» футбол клубынан кететінімді апта бойы талқылауға шешім қабылдадым. Неліктен мұны талқылау керек? Өйткені менің клубты дамытуға салған қаржым туралы мәселе туындайды. Екіншіден, ішінара өтемақы алғым келеді. Клубты қайтару үшін ауқымды міндетті алған едім, — деп хабарлады Дидар Сыдықбек өзінің телеграм арнасында.

Енді ол өтінішін жазып, бәрімен жақсы қарым-қатынаста қоштасқысы келеді.

— Мен қаланы және футбол клубына қатысы бар адамдардың бәрін жақсы көремін. Өрескел ештеңе болған жоқ. Ешкім мені кетуге мәжбүрлемеді. Барлық негізгі шешім менің сөзімнен кейін қабылданатынына үйреніп қалған секілдімін. Ең бастысы, клуб пен аймақ басшылығы арасындағы қарым-қатынасты жақсарттым. Бұл — мен мақтана алатын жалғыз нәрсе, — дейді Дидар Сыдықбек.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын «Атырау» футбол клубы бюджеттен бөлінген қаржыны тиімсіз жұмсағанын жазған едік. 

Кейін «Атырау» футбол клубы мемлекет меншігіне қайтарылды.

Соңғы жаңалықтар