Атырау маңында 37 шаруа қожалығының 3120 гектар жерін тасқын су басты

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының маңында 37 шаруа қожалығының 3120 гектар жерін тасқын су басты.

Паводок Жибек жолы Су тасқыны Жібек жолы
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұхановтың мәліметінше, шаһар аумағында 265 шаруа қожалығы тіркелген. 

«Қазір 37 шаруа қожалығының 3120 гектар жерін су басты. Оның ішінде 18 шаруа қожалығы Соколок каналының маңында мал өсіреді. Ал, 19 шаруа қожалығы Алмалы мен Еркінқала ауылдық округтерінде егін шаруашылығын дамытатын еді. Жерін су басқан шаруа қожалықтарындағы мал қауіпсіз аймаққа көшірілді. Шаруа қожалықтарында адам шығыны мен тұрғын үйлерді су басу дерегі тіркелген жоқ. Алайда, «Алтын сазан» демалыс орны мен «Адай» дүкені зардап шекті. Әкімдік тарапынан қиын жағдайда қалған шаруа қожалықтарына техника, жанар-жағармай, құрал-жабдықтар, бөгет салу, және малға қажетті жем-шөп түрінде көмек көрсетіліп отыр» -деді Нұржан Ермұханов.

Оның айтуынша, қала маңындағы су басу қаупі басым Қайыршақты, Еркінқала, Алмалы ауылдық округтерінде 180 шаруа қожалықтары орналасқан. Қазір Жайық өзені жағалауының қауіпті аумақтарына тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылған.

«Ауыл шаруашылығына келген шығынды өтеу бойынша қалалық комиссия құру жоспарланып отыр. Комиссияның қорытындысымен шаруа қожалықтарының иелеріне өтемақы төленеді», -деді Нұржан Ермұханов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсарыда су тасқынынан 325 кәсіпкерлік субъектісі зардап шеккенін хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар