Атырау маңында пойыз жүк көлігімен соқтығысты: оқиға орнына 12 құтқарушы келді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының маңындағы теміржол стансасында жүк пойызының тепловозы мен КамАЗ көлігімен соқтығысты. 

Атырау маңында пойыз жүк көлігімен соқтығысты: оқиға орнына 12 құтқарушы келді
Фото: «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан мәлім еткендей, оқиға салдарынан үш машинист жарақат алған.

– Атырау облысында Тендік стансасының күзетілмеген теміржол өткелінде жүк пойызы «КамАЗ» жүк көлігінің тіркемесімен соқтығысты. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар депаратментінің қызметкерлері жедел жетіп, құтқару жұмысын жүргізді. Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары тепловоз кабинасынан үш машинист шығарды. Олардың аяқ-қолдары сынған. Зардап шеккен машинистер ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлады департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы.

Оқиға салдарынан 11 жүк вагоны релстен шығып кеткен. Ал «КамАЗ» көлігінің жүргізушісі зардап шекпеген.

Теміржол стансасындағы оқиғаның салдарынан Қарабатан стансасында «Маңғышлақ-Атырау» жолаушылар пойызы кешіктірілді. Теміржолдағы апаттың салдарын жою үшін қалпына келтіру пойызы жіберілді.

Қазір оқиға орнында қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 12 құтқарушы мен 4 арнайы техника тартылған.

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Атырау облысында локомотив пен 11 вагон рельстен шығып кетіп, жұмысшылар зардап шеккенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар