Атырау меценаттары қаламгерлердің кітабын шығаруға демеушілік жасайды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атыраудағы «Жұмысшы мамандығы және Қазақстан жазушыларының шығармалары» пленумында «Сөз — сыбаға» әдеби аукционы өтті.

Аукционда алдымен қаламгерлер мен меценаттар таныстырылды. Содан соң меценаттар авторларды таңдады. Меценаттардың арасында «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері Төкен Жұмағұлов, Қазақстанның Еңбек Ері Владимир Розметов, Қызылқоға ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Сарманов секілді кәсіпкерлер бар.

Мәселен, Мұрат Сарманов жергілікті қаламгерлер Төлеген Жаңабаев, Қалиолла Ізекенов, Жаңай Амантурлин, Назарбек Қосшиев пен Асантемір Қаршығаұлының кітаптарын шығаруға демеушілік жасаған. Енді ол жергілікті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Гүлзада Ниетқалиеваны автор ретінде таңдады.

— Бала күнімнен ауызы дуалы қариялардың өнеге толы әңгімесін тыңдап, ақын-жазушылардың шығармаларын оқып өстім. Ұлт руханиятына елеулі орны бар қаламгерлердің әдеби кітаптарын әлі күнге дейін оқимын. Балаларым мен немерелеріме де кітап оқудың пайдалы екенін айтып отырамын. Өйткені, кітап — жан азығы, - дейді Мұрат Сарманов.
Енді ол өзі таңдаған автордың кітабын шығаруға демеушілік жасауды көздеп отыр.
Еске сала кетелік, бұған дейін Композитор Илья Жақанов Қазақстанның құрметті жазушысы атанғанын хабарлаған едік.