Атырау мұнай өңдеу зауыты маңындағы тұрғындарды көшіру үшін жұмыс тобы құрылады
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау мұнай өңдеу зауыты санитарлық-қорғау аймағының жаңа шекарасын бекіту жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір жоба санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен келісу кезеңіне дайындалып жатыр.
АМӨЗ-дің еңбекті, қоршаған ортаны қорғау және азаматтық қорғаныс департаменті директорының міндетін атқарушы Арман Димұқашевтің айтуынша, бұған дейін қолданыста болған санитарлық-қорғау аймағы табиғат қорғау прокуратурасының ұсынысынан кейін күшін жойған. Осыған байланысты 2025 жылы санитарлық-қорғау аймағының жаңа шекарасын анықтау үшін атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты тартылған.
— Зерттеу бір жыл бойы жүргізілді. Біз төрт мезгілді — көктем, жаз, күз және қысты толық қамтыдық. Мамандар желдің бағытын, зиянды заттардың таралуын және олардың түрлерін зерттеді. Соның нәтижесінде санитарлық-қорғау аймағының жаңа шекарасы айқындалды. Қазір топографиялық түсірілімнің соңғы кезеңін аяқтап жатырмыз. Шілде айының соңына дейін жобаны облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне келісуге жолдаймыз. Сонымен қатар процесті жеделдету үшін тұрғындарды көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді. Ол қазір Атырау қаласының әкімдігінде қаралып жатыр. Жоба келісілгеннен кейін барлық мүдделі мемлекеттік органның қатысуымен жұмыс тобы құрылып, санитарлық-қорғау аймағына кіретін тұрғын үйлер мен жер учаскелерінің нақты саны анықталады, — деді Арман Димұқашев.
АМӨЗ мәліметінше, бүгінде санитарлық-қорғау аймағының көлемі 805 гектарды құрайды. Жоба санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен келісілгеннен кейін Атырау қаласының әкімдігіне ұсынылады. Кейін арнайы жұмыс тобы құрылып, санитарлық-қорғау аймағына енетін тұрғын үйлер мен жер телімдерінің нақты тізімі жасалады. Атырау қаласы әкімдігінің ресми өкілі Ғасырбек Төлегеннің айтуынша, көшіру рәсімі Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жүргізіледі.
— Нақты мекенжайлар анықталғаннан кейін барлық рәсімді Атырау қаласының әкімдігі жүргізеді. Тұрғындарға хабарлау, қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары толықтай әкімдік құзырында болады. Кейін Қазақстан Республикасының Жер кодексінің талаптарына сәйкес анықталған аумақтағы нысандар мемлекет мұқтаждығына алынады. Осыдан кейін тәуелсіз сарапшылар әр нысанның нарықтық құнын бағалап, өтемақы мөлшерін анықтайды, — деді ол.
Қазіргі уақытта санитарлық-қорғау аймағына нақты қанша тұрғын үй мен жер учаскесі енетіні, сондай-ақ оларды көшіруге қанша қаражат қажет болатыны белгісіз.
Ай басында облыс прокуратурасы өндіріс орнының санитарлық-қорғау аймағында орналасқан 80 үйді көшіру мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеген еді.