Атырау мұнай өңдеу зауытының қондырғысынан сары түтін будақтады

АТЫРАУ. KAZINFORM – Жергілікті белсенді Нұрлан Жонасов әлеуметтік желідегі парақшасында Атырау мұнай өңдеу зауытындағы қондырғыдан түтіннің будақтағаны түсірілген видеоны жүктеді. 

Атырау
Фото: видеодан алынған скрин

Осыған байланысты Атырау мұнай өңдеу зауытының қоғаммен байланыс бөліміні түтіннің каталитикалық крекинг қондырғысынан шыққаны туралы ақпарат таратты. 

«Кеше, 1 маусым күні сағат 18:57-де каталитикалық крекинг қондырғысының «Белко» блогындағы мұржадан сары түсті түтін газының шығып жатқаны туралы ақпарат келді. Алайда, сол уақытта каталитикалық крекинг қондырғысының жұмысында ауытқулар анықталған жоқ. Атырау мұнай өңдеу зауытының мамандары «Белко» блогынан шығатын түтін газының құрамын арнайы анализатордың көрсеткіштері арқылы үнемі бақылауда ұстайды. Түтін газы құрамында күкірт қосылыстары көрсеткішінің шамадан асу фактісі анықталмады. Түтін газының сары түсті болуы – күн бұлтты болғанда, көк фондық түске байланысты жиі орын алатын құбылыс», - деп хабарлады зауыттың қоғаммен байланыс бөлімі. 

Қазір каталитикалық крекинг қондырғысы тоқтатылмаған. Барлық газ анализаторы қайта тексерілген. 

«Атырау мұнай өңдеу зауыты мен экологиялық бекеттеріндегі және «Қазгидромет» РМК мәліметіне сәйкес атмосфералық ауа құрамында күкірт қосылыстарының шектен асу фактісі тіркелген жоқ. Зауыт қондырғылары штаттық режимде жұмыс істеп тұр», - деп мәлім етті қоғаммен байланыс бөлімінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 4 айда 7 кәсіпорынға 13,7 млрд теңге айыппұл салынғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар