Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысы 1 қазанда тоқтатылады

 Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысы 1 қазанда тоқтатылады
Фото: primeminister.kz

Атырау мұнай өңдеу зауытының технологиялық қондырғыларына 1 қазанда жоспарлы тексеру жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты барлық қондырғының жұмысы тоқтатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Атырау мұнай өңдеу зауыты бас директорының орынбасары – бас инженер Әділет Шошанбасовтың айтуынша, бұл – күрделі жөндеу емес, ағымдағы жоспарланған тексеру.

«Зауыттағы технологиялық қондырғыларды тексеру 14 қыркүйекке жоспарланған еді. Алайда жоспарланған тексеру жұмысы күзгі мезгілдегі егін өнімдерін жинау кезінде фермерлерді дизель отынымен қамтуды тоқтатпау үшін 1 қазанға ауыстырылды. Мұндай жоспарланған тексеру жұмыстары жыл сайын жүргізіледі. Бұл – күрделі жөндеу емес. Бұл – технологиялық қондырғылардағы бөлшектердің, тораптардың, механизмдердің мерзімінен бұрын тозуының алдын алуға, жарамдылық мерзімін ұзартуға бағытталған технологиялық жабдықты күту, қадағалау, пайдалану және жөндеу жөніндегі іс-шаралар кешені. Осыған байланысты барлық қондырғының жұмысы тоқтатылады. Біз ауа райын ескеріп, технологиялық қондырғыларды салқын түскенге дейін іске қосуға ниеттіміз», - деп мәлім етті Әділет Шошанбасов.

Оның мәліметінше, жоспарланған тексеру жұмыстарына мердігер кәсіпорындардан 1 600-ге жуық қызметкер, 116 арнайы техника жұмылдырылатын болады.

«Тексеру жұмыстары Қазақстан өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы «Азаматтық қорғау» туралы Заңының талаптарына сәйкес жүргізіледі. Бұл кезде тұтынушыларға мұнай өнімдерін жөнелту тоқтамайды. Зауыттың резервуарларында мұнай өнімдерінің жеткілікті қоры бар. Қазір 36 мың тонна автобензин мен 32 мың тонна дизель отыны жинақталды. Қазан айында 16 мың тонна автобензин, 28 мың тонна дизель отынын өндіру жоспарланып отыр. Мұнай өнімдерінің негізгі түрлерін өндіру мен жөнелту Энергетика министрлігінің жоспарына сәйкес жүзеге асырылады», - дейді Әділет Шошанбасов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауыты сұйытылған газды көлікпен әкетуге тыйым салынбағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар