Атырау облысы: Құлсары қаласындағы көпір уақытша жабылды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысы Құлсары қаласында көпір уақытша жабылды. Өйткені көпір қауіпті аумаққа еніп тұр. 

анон
Фото: видеодан кадр

Мұнайлы өңірдегі жалғыз моноқала атауы бар Құлсары – Жылыой ауданының орталығы. Аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақованың айтуынша, Құлсарыдағы «Достық» шағын ауданы мен 5-ауылды жалғап тұрған көпір қауіпсіздік шарасын сақтау мақсатында жабылған.

«Жылыой аудандық жедел штабтың шешімімен көпірдің үстімен жүру қауіпті деп танылды. Өйткені, көпірдің астымен ағысы жоғары су жүріп жатыр. Осыған байланысты көпірді уақытша жабу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы тұрғындарға полиция қызметкерлері түсіндіру жұмысын жүргізуді қолға алды», - деп хабарлады Гүлнафис Айшуақова.

Оның айтуына қарағанда, көпір жабылғанымен, көлік қатынасы үзілмейді. Көліктер басқа жол арқылы қатынайды. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы бір ауданда төтенше жағдай жарияланғанын хабарлаған едік.

Кейін Ойыл өзеніндегі су тасқынына байланысты Миялы ауылынан 559 тұрғын эвакуацияланды.

Сондай-ақ, Миялы ауылына тірелген судың деңгейі 1 метр 20 см құрады.

Ойыл өзенінің маңынан 7 шаруа қожалығы қауіпсіз аумаққа көшірілді.

Миялы ауылын тасқын судан қорғау жалғасып жатқанын жазған болатынбыз.

Ойылдың арнасынан асқан су Миялы ауылы маңындағы көпірді бұзып кетті.

Кеше Атырау облысындағы Көздіқара ауылының тұрғындарын эвакуациялау басталды.

Сондай-ақ, кеше су тасқынынан Қызылқоға ауданындағы 8 округке әлі де қауіп бар екенін хабарлағанбыз.

Бүгін Атырау облысында су тасқынының қаупі әлі толық сейілмегенін жазғанбыз.

Ал Жылыой ауданында Жем өзенінің суы 2 метр 53 см-ге көтерілді.

Соңғы жаңалықтар