Атырау облысына өзге өңірлерден келген мектеп мұғалімдеріне пәтер берілді
Атырау облысына өзге өңірлерден арнайы бағдарламамен келген мектеп мұғалімдеріне пәтер берілді, деп хабарлайды Kazinform.

Облыстық Білім басқармасының басшысы Ерлан Сламбековтің айтуынша, елімізде кадр жетіспейтін, білім сапасы төмен өңірлерге үздік педагогтерді тартуға арналған арнайы бағдарлама бар. Аталған бағдарлама аясында Атырау облысында жұмыс істеуге 10 мұғалім ниет білдірген.
«Мұғалімдерді бос лауазымдарға тартудың ережесі бар. Облыстық Білім басқармалары жанынан үйлестіру кеңесі, министрлік жанынан конкурс комиссиясы құрылды. Өңірге келетін мұғалімдерге лауазымдық жалақының 150% мөлшерінде ынталандыру төлемі, оның ішінде жалақыны көтеру, тұрғын үйді жалдау ақысын, коммуналдық төлемдер шығынын өтеу белгіленген. Бос жұмыс орындарына орналасу үшін үміткерлер эссе жазып, тестілеуден, әңгімелесуден өтті. Атырау облысына бастауыш сынып, тарих, математика, физика пәнінен дәріс беретін 10 мұғалім келді. Қазір олар мектептерде дәріс беріп жүр. Олардың кейбіріне жаңа пәтер беріп отырмыз. Енді 15 желтоқсанға дейін тағы 4 мұғалімге баспана беру жоспарланып оыр», -деп хабарлады Ерлан Сламбеков.
Мәселен, Гүлжан Боранбаеваның 20 жылға жуық білім саласында жұмыс істейді. Бұрын Батыс Қазақстан облысындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық-технологиялық мектеп-лицейінде математика пәнінен дәріс берген. Енді Атырау қаласындағы №31-ші гимназияда жұмыс істеп жүр.
Көрші өңірден тағы бір мұғалімдер отбасы келген. Жас мамандар Ержан Егінбаевтың өзін де, жұбайы да – педагог.
«Мұғалімдерге жас ұрпақтың болашағы үшін үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Біздің міндетіміз – оқушылардың сапалы білім алуына, елдің келешегіне адал қызмет ететін білікті маман болып қалыптасуына үлес қосу. Біздің алаңсыз жұмыс істеуіміз үшін жаңа пәтер беріліп, қолдау көрсетіліп отыр», - дейді Ержан Егінбаев.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жаңадан 40 мектеп пайдалануға берілетінін жазған едік.