Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Атырау облысында 15 мың адам айыппұлын төлемейтін болды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында әкімшілік рақымшылық аясында 15 671 адам әкімшілік жауапкершіліктен босатылды.

в
Фото: Kazinform

2026 жылғы 1 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңға қол қойған еді. Заң аясында азаматтарды әкімшілік айыппұлдарды төлеуден босату көзделген.

Әкімшілік рақымшылық Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жеке тұлғаларға, сондай-ақ жеке кәсіпкерлерге, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттар мен заң консультанттарына қолданылады.

Заңның күші Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 280 бабына, оның ішінде ішкі істер органдарының құзыретіне жататын 58 бапқа таралады. Рақымшылық заң күшіне енгенге дейін өтелмеген барлық әкімшілік айыппұлды қамтиды.

— Рақымшылық барлық құқық бұзушылыққа бірдей қолданылмайды. Ол қару мен есірткі айналымына қатысты құқық бұзушылықтарға, соттардың қарауына жататын істерге, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін және қайталап жасалған өрескел жол қозғалысы ережелерін бұзуға қолданылмайды. Олардың қатарында мас күйінде көлік басқару, жол-көлік оқиғасын жасау немесе оқиға орнын тастап кету, қарсы бағытқа шығу, жылдамдықты асыру, қызыл жарыққа өту, көлік құралын құжатсыз басқару және теміржол өткелдерінен өту қағидаларын бұзу сияқты құқық бұзушылықтар бар, — деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, елде ішкі істер органдарының бағыты бойынша амнистия шамамен 590 мың азаматқа қатысты қолданылды. Соның нәтижесінде оларға қатысты 1,3 миллионнан астам әкімшілік өндіріп алу тоқтатылып, жалпы сомасы 22 миллиард теңгеден асатын айыппұл есептен шығарылды.