Жеті жастағы қызды зорлап, өлтірген қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айырылды
АТЫРАУ. KAZINFORM - Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында 7 жасар қызды зорлап, өлтірген қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Үкімді Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарема Хамидуллина оқыды.
35 жастағы Жылыой ауданы тұрғының кінәсі толықтай дәлелденді. Енді ол жазасын ерекше қауіпсіздік режиміндегі мекемеде өтейтін болады.
Қылмыстық іс кәмелетке толмағанға қатысты зорлау (ҚК 120-бабы 4-бөлігі) және кәмелетке толмаған баланы қасақана өлтіру (ҚК 99-бабы 3-бөлігі) бойынша қаралды.
Сот-медициналық сараптама кішкентай қыздың денесінен соққы іздері мен жыныстық зорлық белгілерін анықталған.
Еске салайық, оқиға 2025 жылдың 5 маусымында Атырау облысының Құлсары қаласында болды. Алдымен 7 жастағы қыздың жоғалып кеткені туралы ақпарат тарады.
Қыз бала Құрсай өзенінің жағалауында серуендеп жүріп, үйіне қайтып бара жатқанда адасып кетіп, жолда сотталушы кезіктірген.
Ол алкогольдік масаң күйде болып, оған үйіне баратын жолды көрсететінін айтып алдаған, өзімен бірге жүруді ұсынған.
Қызды жаңылыстырып, оны өзен жағасына апарып, дәрменсіз күйін пайдаланып, күш қолданып, зорлаған.
Жасаған қылмысын жасыру мақсатында ол баланы ұрып-соғып, кейін өзенге батырып жіберген.
Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен, бейнежазбалармен және сараптама қорытындыларымен толық дәлелденді.
Айта кетейік, Атырауда бірге тұратын әйел мен еркектің арасындағы жанжал кісі өлімімен аяқталды.