Атырау облысында адам өлтіру, кәмелетке толмағандарды зорлау қылмысы өскен

Атырау облысында қылмыстың бірнеше түрі өскені байқалып отыр. Оның ішінде адам өлтіру 75, кәмелетке толмағандарды зорлау 60, жас балаларды азғындық жолға түсіру қылмысы 75 пайызға өскен, деп хабарлайды Kazinform.

Қылмыс Атырау
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Мұндай деректер облыс прокуроры Бауыржан Жұмақановтың төрағалығымен өткен кеңейтілген алқа отырысында айтылды. Жиында құқық қорғау органдарының жеке адамға қарсы қылмыстарды анықтау, жолын кесу мен ашу бағытындағы жұмысы талқыланды.

«Ел Президенті заңдылықты сақтау, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударып отыр. Өйткені, мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Адамға қарсы жасалған қылмыстар тұрғындардың денсаулығына, ар-намыс пен қадір-қасиеттің қауіпсіздігіне, жыныстық қол сұғылмаушылыққа, конституциялық құқықтары мен бостандықтарына, отбасы мен кәмелетке толмағандардың мүдделеріне қауіп төндіреді. Азаматтардың құқығын қорғауға ел Конституциясы кепілдік береді. Сол себептен, прокурорлық қадағалау аясынан азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделері тыс қалмайды», - деді Бауыржан Жұмақанов.

Облыстық прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл қылмыс деңгейі 21%-ға төмендеген. Алайда, денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактілері 15%-ға (40-тан 46-ға дейін), адам өлтіруге оқталу 40%-ға (5-тен 7-ге дейін), өзiн-өзi өлтiру 48%-ға (325-тен 348-ге дейін), адам өлтіру 75%-ға (7-ден 12-ге дейін), кәмелетке толмағандарды зорлау 60%-ға (5-тен 8-ге дейін), жас балаларды азғындық жолға түсіру 75%-ға (4-тен 7-ге дейін) өскен. 

Қадағалау өкілеттігімен жеке адамға қарсы қылмыстар туралы хабарламаларды қабылдау, тіркеу кезінде заң бұзушылықтардың 2 фактісі анықталған. Прокурорлық ден қоюдың 6 актісі енгізіліп, 7 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Облыс прокуроры лауазымды тұлғалардан профилактикалық жұмысты жандандыруды талап етті. 

«Әрбір мемлекеттік қызметші өз ортасына үлгілі, мәдениетті болуы қажет. Бұл – мемлекеттік қызметшінің парызы мен міндеті», - деп мәлім етті Бауыржан Жұмақанов. 

Соңғы жаңалықтар