Атырау облысында ата-аналар баласының мектеп асханасынан тамақ ішкен-ішпегенін біліп отырады

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы мектептердің асханалары «Alagan Mektep» жүйесімен жұмыс істейді. Бұл үшін білім ордалары «Әлеуметтік әмиян» сервисіне қосылады.

Мектеп асханасы
Фото: Атырау облыстық Білім басқармасы

Атырау облыстық Білім басқармасының бас маманы Қадыржан Сапаровтың айтуынша, оқушылар асханаға кірер кезде алақанын арнайы құрылғыға сканерлейді.

– Бұл ата-аналарға баласының тамақтанғаны, асханадағы күнделікті ас мәзірі жайлы ақпаратты алуына мүмкіндік береді. «Alagan Mektep» жүйесі 2025 жылдың наурыз айына дейін облыстағы 127 мектепте толықтай іске қосылады, - дейді Қадыржан Сапаров.

Бас маманның пікірінше, білім ордаларында ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізу қолға алынған. Мұндай сервисті іске қосу екі мақсатты көздейді. Біріншісі – сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайту. Екіншісі – оқушыларға көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру. Ал тұрмысы төмен отбасылардың 5-11-сыныптарда оқитын 6958 баласы ыстық тамақпен қамтылған. 

асхана ваучер
Фото: Атырау облыстық Білім басқармасы

- Олар туралы мәлімет «Бизнес әмиян» сервисіне енгізіліп жатыр. Енді олардың асханадан тамақ ішкені туралы ақпарат осы сервис арқылы расталады. Яғни, оқушы асханаға кірер кезде «Бизнес әмиян» қосымшасындағы QR кодын сканерлейді. Бұл жүйе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ал, ата-аналар баласының тамақ ішкенін немесе ішпегені жөнінде мәлімет алады, - дейді Қадыржан Сапаров.

Сондай-ақ, 1-4-сыныптарда оқиты 57 812, ал, 5-11-сыныптарда білім алатын 9947 оқушы тегін тамақпен қамтылған. Әлеуметтік осал топ санатынан шыққан олар жыл соңына дейін «Бизнес әмиян» сервисіне қосылады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда қайтарылған қаржыға салынатын мектеп құрылысы қашан басталатынын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар