Атырау облысында Газ сепарациялау кешенінің құрылысы ресми түрде басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Атырау облысында Газ сепарациялық кешенінің (ГСК) құрылысы ресми түрде басталды.
19 қараша күні Теңіз кен орнының өндірістік-техникалық алаңында алғашқы қада қағу рәсімі өтті. Құрылыс аясында 22 мыңға дейін қада қағу жоспарланған. Барлық қада өнімдері қазақстандық өндірушілерден сатып алынады.
Жобаны «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның еншілес компаниясы – «KMG PetroChem» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Жылына 9,1 млрд м³ құрғақ газ өңдеуге мүмкіндік беретін кешен Қазақстандағы газ-химия инфрақұрылымын кеңейтудің жаңа кезеңін білдіреді. ГСК – полиэтилен өндіретін «Силлено» зауытын тұрақты этанмен қамтамасыз ететін негізгі буын болып табылады.

Газ сепарациялау кешенінің іске қосылуы өңірде тұрақты шикізат базасын қалыптастырумен қатар, жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін арттыруға мүмкіндік береді. Жоба еліміздің мұнай-газ химиясы кластерін дамыту және өңделген өнім экспортын ұлғайту жөніндегі стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға нақты үлес қоспақ.
Жоба шеңберінде қазақстандық қамту үлесін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Құрылыс жұмыстарының ең қарқынды кезеңінде Атырау және Маңғыстау облыстарының тұрғындары үшін 3 500-ге дейін уақытша, сондай-ақ 400 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Сонымен бірге отандық кәсіпорындар инертті материалдар мен металл конструкцияларын жеткізумен қатар, негізгі электр-техникалық жабдықтарды – 7 модульдік қосалқы станция, 62 трансформатор, 220 кВ ашық тарату құрылғысы, сондай-ақ пропан сақтауға арналған көлденең буллиттер мен төрт ірі технологиялық колоннаны дайындауға және орнатуға тартылады.

Қазақстандық қамту үлесін арттыру мақсатында бүгін «KMG PetroChem» ЖШС EPC-мердігер Tecnimont, CCIC және PetroCouncil қауымдастығымен бірлесіп, ГСК жобасындағы жергілікті қамту жөнінде форум ұйымдастырды. Іс-шараға шамамен 400 қатысушы: отандық өндірушілер, жеткізушілер, мемлекеттік органдар мен салалық ұйымдар өкілдері қатысып, ГСК жобасы шеңберіндегі кооперация тетіктерін жан-жақты талқылады.
Айта кетейік, Президент «Ресей — Қазақстан — Өзбекстан» газ жобасы табысты нәтиже көрсеткенін айтты.