Атырау облысында кәсіпкерден 7 млн теңге бопсалаған екі күдікті ұсталды

Атырау облысында кәсіпкерден 7 млн теңге бопсалаған екі күдікті ұсталды. Күдіктілер 1 млн теңгені алу кезінде ұсталды, деп хабарлайды Kazinform.

Атырау облысы
Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

Атырау облыстық полиция департментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жедел іздестіру іс-шарасы облыстық прокуратураның үйлестіруімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаметімен бірлесе жүргізілген.

«Құқық қорғау органдарының бірлескен іс-шарасының нәтижесінде Мақат ауданында кәсіпкерден 2,5 млн теңге қаражатты қорқытып алу дерегі анықталған. Осыған байланысты 35 және 34 жастағы екі күдікті жәбірленушіден 1 млн теңге алу кезінде ұсталып, қамауға алынды. Жинақталған іс-құжаттарына сәйкес ұсталғандар кәсіпкерден 2023 жылғы қазан айынан бері бопсалау арқылы жалпы сомасы 4,5 млн теңгені заңсыз иемдегені үшін күдікке ілінді», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір күдіктілерге қатысты адамдар тобымен бірге ірі мөлшердегі ақшаны қорқытып алу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

«Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына сәйкес адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша, ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда шетел азаматынан ақша бопсалаған күдіктілер ұсталғанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар