Атырау облысында өр суын жинайтын қойма салынбақ

АТЫРАУ.KAZINFORM - Жылыой ауданының Аралтөбе учаскесінде су қоймасын салу жоспарланып отыр. Бұл тақырып 2024 жылы ауданда болған тасқыннан кейін көтерілді. Жем өзенінің бойында іске асырылатын жоба өңірдің су ресурстарын тиімді басқаруға және ауыл шаруашылығының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған.

су қоймасы
Фото: «Қазгидромет» кәсіпорнының облыстық филиалы

Жоба аясында Жем өзенінде сыйымдылығы 220 млн текше метр су қоймасын салу бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Құжат Жайық-Каспий бассейндік инспекциясына келісуге жолданды. Қазіргі уақытта жұмыстарды мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алуға облыстық бюджеттік комиссиядан қаржы бөлу қарастырылып отыр. Жалпы бұл жобаға облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жауапты. Оны іске асыру кезеңі 2026-2028 жылдарды қамтиды.

- Жем өзенінен суды жинақтайтын реттелетін су қоймасын салу ауыл шаруашылығы нысандарын суармалы сумен қамтамасыз етуді жақсартуға, бәсекеге қабілетті отандық өнім өндіруге және қолда бар су ресурстарын ұтымды пайдалануға бағытталған. Жобаны іске асырудың таңдалған нұсқасы техникалық тұрғыдан іске асатын, экономикалық жағынан негізделген және әлеуметтік маңызы жоғары, - деп мәлімдеді басқарма.

Басқарманың ақпаратына сүйенсек, егер су қоймасы салынса 5 мың гектар суармалы жер дайындауға, Құлсары қаласына тәулігіне 31 мыңға жуық, Жаңа Қаратон кентіне күніне 4400 текше метрден аса су жіберуге мүмкіндік болады. Бұл жоба аудан аумағында ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді дейді Жұмабек Қаражанов.

- Қойма келген суды сақтап қалуға, керек кезде суды арнаға жіберуге болады. 2020 жылға дейін қуаңшылық кезде Ұлы Жемде мүлде су болмаған. Малды суаруға, жайылымға су жіберуге мүмкіндік болмады. 2022 жылдан бастап су келе бастады. Соңғы 3-4 жылда су мол келді. Өткен жылы өзендегі судың деңгейі максималды 237 сантиметрге жеткен еді, - деді Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов.

Айта кетейік, бұл тақырып өткен жылы сала мамандарының арасында талқыланған еді.

Жуықта 2030 жылға дейін ел аумағында 42 су қоймасы салынып, су жинау көлемі 2,6 млрд текше метрге артатыны жөнінде жазған едік.

Соңғы жаңалықтар