Атырау облысында түйе ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі «Заң және тәртіп» қағидаты аясында мал ұрлығын анықтау және алдын алу бойынша жүйелі жұмыстарды жүргізіп жатыр. 9 сәуірде Атырау облысында полиция қызметкерлері түйе ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады.

Атырау облысында түйе ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
Фото: Аягөз Ізбасарова / Kazinform

Тергеу барысында қылмыскерлер дала аймақтарында еркін жайылған малды бақылап, түнгі уақытта оларды айдап әкеткені анықталды.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, ұрланған түйелер жүк көлігімен Маңғыстау облысына жеткізіліп, кейін сатуға шығарылған. Қазіргі уақытта топтың мал ұрлығына қатысы бары дәлелденіп, келтірілген шығын көлемі 10 миллион теңгеден асты. Ұрланған малдың бір бөлігі тәркіленіп, сатылуына жол берілмеді.

Барлық күдіктілер ұсталып, қамауға алынды.

Ішкі істер министрлігі мал иелеріне малдарын есепке алу, оның ішінде чиптеу жұмыстарын жүргізу және қараусыз қалдырмау шараларын сақтауды ұсынады. Бұл шаралар мал ұрлығын алдын алуға бағытталған.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, БҚО-да мал ұрлығын ұйымдастырған топ құрамында ветеринарлар болған