Атырау облысында үшем дүниеге келді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 29 жастағы келіншек үш ұлды өмірге әкелді. Облыстық перинаталдық орталығында босанған Арай Ерғалиева үшемінің салмағы үш түрлі – 2 келі 249, 2 келі 533, үшіншісі – 2 келі 608 грамм. 

Атырау облысында үшем дүниеге келді
Фото: Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы

Үшемнің анасы Арай Құрманғазы ауданындағы Сафон селосының тұрады. Бұл – оның үшінші жүктілігі. Бұған дейін күйеуі Мұрабек Құмаровпен бірге бір ұл, бір қыздың ата-анасы атанған.

«Өмірге үш ұлды аман-есен әкелген келінімізге ризамыз. Бірден үш сәбиді босану оңай емес. Немерелерін әжесі үйде күтіп отыр. Сәбилерге Нұрислам, Нұриман, Нұрмұхамбет есімін бердік. Периниталдық орталықтың дәрігерлерінің еңбегіне табыс тілейміз», - дейді үшемнің атасы Салық Испергенов. 

Атырау
Фото: Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиевтың айтуынша, жыл сайын 170-ке жуық егіз дүниеге келеді. Ал, бұл үш ұл – биылғы екінші үшем.

Үшемнің анасы Арай Ерғалиева мектепте жұмыс істейді. Тарих пәнінен сабақ береді. 

«Өмірге сәби әкелу – ерекше бақыт. Сәбилерімнің аман-есен дүниеге келуіне дәрігерлер көп қолдау көрсетті», - Арай Ерғалиева. 

үшем
Фото: Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау дәрігерлері жүрегі тоқтап қалған 12 жасар жасар қыздың өмірін сақтап қалғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар