Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Атырау облысында вахталық жұмысшылар үшін екі сайлау учаскесі құрылды

АСТАНА. KAZINFORM — Атырау облысында вахталық кенттердегі сайлау учаскелерінің дайындығы тексерілді, деп хабарлайды Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі.

Атырау облысында вахталық жұмысшылар үшін екі сайлау учаскесі құрылды
Фото: ҚР ОСК

2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған ҚР Құрылтайының депутаттарын сайлауға дайындық барысын тексеру мақсатында 13-14 тамыз күндері Атырау облысына Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов пен Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманакумов инспекциялық сапармен барды.

Заңнамаға жақында енгізілген өзгерістерге сәйкес құрылған сайлау учаскелерінің қызметіне ерекше назар аударылды. Олар вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етуді көздейді.

Атырау облысында вахталық жұмысшылар үшін екі сайлау учаскесі құрылды
Фото: ҚР ОСК

— Атырау облысының аумағында сайлаушылар үшін осындай 2 жаңа сайлау учаскесі ашылды. Біріншісі — «NCOC» компаниясының мұнай мен газды кешенді дайындау жөніндегі «Болашақ» зауытының аумағындағы «Самал» вахталық кентінде орналасқан. Екіншісі — «Прорва» кен орнындағы «Жылыоймұнайгаз» кәсіпорнының «Каспий самалы» вахталық кентінде орналасқан. Шавхат Өтемісов пен Азамат Айманакумов «Самал» кентінің аумағында орналасқан № 288 сайлау учаскесінің дайындық деңгейімен танысты, — делінген таратылған ақпаратта.

Инспекциялық топтың негізгі мақсаттарының бірі — сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту процесімен де танысу болды. Осыған байланысты ОСК өкілдері оқыту семинарына қатысты. Облыстық, қалалық және аудандық аумақтық сайлау комиссияларының, сондай-ақ Атырау қаласының учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен сайлауды дайындау және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары, сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістер және жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану мәселелері талқыланды. Қатысушылардың практикалық дағдыларын жетілдіру мақсатында кейстермен және қажетті құжаттармен жұмыс жүргізілді.

Атырау облысында вахталық жұмысшылар үшін екі сайлау учаскесі құрылды
Фото: ҚР ОСК

Сапардың екінші күні тиісті мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары қатысқан жұмыс кеңесі өтті. Кеңеске сондай-ақ ЕҚЫҰ ДИАҚБ Миссиясының халықаралық байқаушылары қатысты. Кеңес барысында мемлекеттік органдардың басшыларының өңірдің сайлауға дайындығы, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы жағдайлар жасау мәселелері бойынша есептері тыңдалды.

Инспекциялық сапар аясында Орталық сайлау комиссиясының өкілдері Атырау қаласындағы № 275, № 285, № 90 және № 262 учаскелік сайлау комиссияларының жұмысымен танысты.

Атырау облысында вахталық жұмысшылар үшін екі сайлау учаскесі құрылды
Фото: ҚР ОСК

Инспекциялық сапар қорытындысы бойынша сайлауды ұйымдастырудың, сайлау комиссияларының дайындығының, азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етудің, қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудың, сондай-ақ дауыс беру күні сайлау учаскелерінде қажетті жағдайлар жасаудың негізгі мәселелері қосымша пысықталды.

Бұған дейін Құрылтай сайлауы қарсаңында өндіріс орындарында жаңа сайлау учаскелері ашылғаны белгілі болды.