Атырау облысында заңсыз айналымнан 4 тоннадан астам балық тәркіленді

АСТАНА. KAZINFORM — Атырау облысында полиция бекіре тұқымдас балықтардың заңсыз айналымының жолын кесу жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп жазды Polisia.kz.

Атырау облысында заңсыз айналымнан 4 тоннадан астам балық өнімі тәркіленді
Фото: Polisia.kz

Өңірде браконьерлікпен және балық өнімдерінің заңсыз айналымымен күресуге, сондай-ақ Каспий аймағының биоресурстарын қорғауға бағытталған «Бекіре–2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Жуырда полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан 4 тоннадан астам балық өнімін тәркіледі. Оның ішінде 911 келіден астам бекіре тұқымдас балық және шамамен 1 келі бекіре уылдырығы бар. Тәркіленген өнімнің барлығы Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытына тапсырылды.

Іс-шара басталғалы заңсыз балық аулау, сақтау, тасымалдау және сату бойынша 152 құқықбұзушылық анықталды. Жеті қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Сонымен қатар заңсыз аулауға арналған 19 құрал мен құқыққа қайшы әрекеттерде қолданылуы мүмкін 10 жүзу құралы тәркіленді. Бұдан бөлек, полиция уәкілетті органдармен бірлесіп тұрғындар мен балық шаруашылығы субъектілері арасында профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Тұрғындарға табиғатты қорғау заңнамасының талаптары мен балық өнімдерін заңсыз аулау және айналымға жіберу үшін қарастырылған жауапкершілік түсіндірілуде.

Полиция бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын және ең алдымен экологиялық қылмыстардың алдын алуға, елдің табиғи ресурстарын сақтауға бағытталғанын атап өтті.

Сондай-ақ азаматтарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және балықты заңсыз аулау мен сатуға қатысты фактілер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырды.

Бұған дейін бекіре тұқымдас балық пен уылдырық сатып алғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын жаздық.