Атырау облысында Жайықтағы су тасқынынан кейін 4 канал тереңдетіліп жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында Жайық өзеніндегі су тасқынынан кейін 4 канал тереңдетіліп жатыр. Каналдың төртеуі Индер ауданында орналасқан.

Индер аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мәмбетқали Құсайыновтың айтуынша, каналдардан егін шаруашылығы мен төрт түлікке су алынады.

«Индербор кенті және Бөдене ауылдық округінің маңымен өтетін «Алғабас-Жорық» каналы 1968 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Бұл каналдың суын 15 шаруа 119 гектар жерге егін салып, жеміс ағаштарын өсіруге пайдаланып отыр. Су арнасының ұзындығы – 64,7 шақырым. Ал, Көктоғай ауылдық округінің аумағындағы «Ақсай» каналының бойында 7 кәсіпкер 164 гектар алқапқа егін егеді. Аталған суару-суландыру арнасы 80 шақырымға созылады. Оны жөндеу жұмысы 2022 жылы басталған еді. Жыл соңына дейін екі арнаны жөндеу жұмысы аяқталады», - дейді Мәмбетқали Құсайынов.
Оның дерегіне қарағанда, каналдардан тұрғындар иелігіндегі 4 түлік су ішеді. Өйткені, мал суару үшін қазылған бұрынғы құдықтар тартылып қалған. Кейбірінің суы ащы болғандықтан, мал суаруға жарамайды.

«Тағы 2 каналдың түбін тереңдетіп, су өткізу қуатын арттыруды қолға алдық. Бұл –ұзындығы 102,3 шақырымдық «Бағырлай» және 51,7 шақырымға созылып жатқан «Құрайлы Сай» каналы. Алдағы жылы аталған екі каналды жөндеу жұмысын толықтай аяқтау жоспарланып отыр», -дп хабарлады Мәмбетқали Құсайынов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысындағы 4 каналға жөндеу жүргізу үшін 3,1 млрд теңге жұмсалатынын хабарлаған едік.