Атырау облысында жыл басынан бері жол апатынан 25 адам мерт болған

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында жыл басынан бері 400-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол апатынан 25 адам мерт болып, жарақат алғандар саны 600-ден асқан.

жол апаты
Фото: Павлодар облысы полиция департаменті

Атырау облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Әділбек Шахметовтің айтуынша, мұнайлы өңірде адам өліміне соқтырған жол-көлік оқиғасы азаймай тұр. 

– Мәселен, жыл басынан бері тіркелген жол-көлік оқиғаларының саны 400-ден асты. Жол апатынан 25 адам қаза тапты. Ал 600-ден астам адам түрлі дене жарақатын алды. Тас жолда тіркелген жол апаттарының бәрі адами фактордың саладыран болып отыр. Көлік жүргізушілері өзіне жолаушылардың өмірін сақтау үшін жауапкершілік жүктелетінін сезінбейді, -дейді Әділбек Шахметов. 

Оның дерегіне қарағанда, жол-көлік оқиғаларының бірнеше себебі анықталған. 

– Біріншіден, жүргізушілер белгіленген жылдамдықты шамадан тыс асырады.

Екіншіден, рульде келе жатып, мобильді телефонды қолданады.

Үшіншіден, маневр жасау талаптарын бұзады.

Төртіншіден, балаларды арнайы құрылғысынсыз тасымалдайды.

Ең басты фактор – жолда жүру қағидаларын сақтамай, діттеген жерге тез баруға асығу. , -деп мәлім етті Әділбек Шахметов. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында бір күнде жол апатынан 5 адам мерт болғанын жазған едік. 

Сондай-ақ Құлсарыда жол апатынан зардап шеккен 5 адам ауруханаға жеткізілгенін хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар