Атырау облысында жыл басынан бері жол апатынан 56 адам қаза тапқан
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында жыл басынан бері жол апатынан 56 адам қаза тапқаны тіркелген.

Атырау облыстық полиция департаменті жанындағы патрульдік полиция ротасы командирінің орынбасары Алмаз Закариевтің айтуынща, өңір аумағындағы облыстық, республикалық маңызы бар трассаларда жол қозғалысы қауіпсіздігі бақылауға алынған.
«Осы мақсатта Ішкі істер министрінің 2016 жылғы №10 бұйрығына сәйкес тас жолдарда жарқылдауық маяк құрылғысынсыз және сыртқы ІІМ айырым белгісі жоқ қызметтік автокөліктердің қозғалысын жасырын анықтауына рұқсат берілген. Мақсат – жол апаттарының алдын-алу. Атырау облысында жыл басынан бері жол апатынан 56 адам қаза тапты. Осындай себепке байланысты профилактикалық бағыттағы іс-шаралар күшейтіледі», - деді Алмаз Закариев.
Оның пікірінше, жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін көлік жүргізушілері есте ұстайтын бірнеше кеңес бар. Алдымен, жүргізушілер жолда жүру ережелерін қатаң сақтауы қажет. Екіншіден, қауіпсіздік шараларына мән бергені жөн.
Еске сала кетелік, Атырау облысында ерлі-зайыпты жол апатынан мерт болғанын хабарлаған едік.
Жол-көлік оқиғасы кеше, 12 маусымда болған. Атырау-Ақтөбе тас жолының 454-шақырымы тұсында Kia Rio және DAF жүк көлігі соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасының салдарынан Kia Rio автокөлігіндегі ерлі-зайыпты екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.