Атырау облысындағы Мұқанғалиевтер отбасының өлімі: іске қатысты тың мәлімет айтылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазір қылмыстық істі тергеу бірнеше бап бойынша жалғасып жатыр. Бұл жөнінде ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.
— Атырауда Ішкі істер министрлігінің жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Бұл қылмыстық іс материалдары бақылауымызда. Тергеу амалдарының көлемі өте ауқымды. Қылмыстық іс тек кісі өлтіру бойынша ғана емес, сонымен қатар алаяқтық, ұрлық фактілері бойынша да қозғалған. Күдіктілерге бірнеше бап бойынша айып тағылып отыр, — деді ол Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап бере отырып.
Ал күдікті Ақбаян Мұқанғалиева психиатриялық ауруханаға жатқызылған.
— Стационарлық кешенді сот психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізіліп жатыр. Оны тағайындауға негіз де бар. Күдіктінің өзін ұстауы және алғашқы берген жауаптарына байланысты осындай шешім қабылданды. Істе жаңа күдіктілер жоқ. Күдіктілер — ер адам және оның бұрынғы жұбайы, — деді Әділов.
Еске салайық, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңына белгісіз жағдайда жоғалып кеткен.
6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.
Кейін олардың денелерінде пышақ іздері бары белгілі болды.
9 қаңтарда Атырау облысында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиев екені ресми түрде анықталды.
Сондай-ақ жоғалған отбасы туралы тың деректерді әлеуметтік желі арқылы таратқан хакерге халықаралық іздеу жарияланды.
Ақпан айының басында күдіктің 5 баласы мемлекет қамқорлығына алынды.
Қанды қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікке сол үйдің қызы да ілінді.
Кейін екі күдіктінің шетелде қалай ұсталғаны жөнінде видео жарияланды.
Ерлі-зайыптыны өлтірді деген күдікке ілінгендер Индонезиядан Атырауға жеткізілгенін де хабарлағанбыз.