Атырау облысындағы Талдыкөл ауылын тасқын су басу қаупі жоғары

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Талдыкөл ауылына қауіп төніп тұр. Аталған аймақты су басуы мүмкін екені хабарланды. 

Жайық
Фото: Атырау облысының әкімдігі

Талдыкөл – Махамбет ауданында Жайық өзені жағалауындағы елді мекеннің бірі. Бұл елді мекен Бейбарыс ауылдық округінің аумағында орналасқан. Округ әкімі Сейілбек Зұлхашевтың айтуынша, Жайық өзені деңгейінің көтерілуіне байланысты Талдыкөл ауылын су басу қаупі бар.

«Осы кезге дейін ауыл маңында 3 шақырымдық қорғаныс бөгеті салынды. Қазір бөгеттің 800 метр бекінісі жаңартылып жатыр. Жағалауды нығайту жұмыстарына 28 әскери қызметші мен Төтенше жағдайлар министрлігінің 15 қызметкері тартылды. Арнайы 25 техника бөлінді. Жергілікті тұрғындар мен сарбаздар бөгетке 28 мың қап төседі. Талдыкөл орта мектебінде 300 орындық эвакуациялық пункт дайындалды», - деді Сейілбек Зұлхашев. 

Оның айтуына қарағанда, фермерлер мен шаруа қожалықтарының иелеріне су басу қаупі туралы ескертулер берілген. Қауіпсіз аумаққа 200 қой-ешкі, 300 сиыр айдалған. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Ортағасырлық Сарайшық қалашығын су тасқынынан қорғау күшейтілген режимде жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатынбыз. Сондай-ақ Атырау-Орал трассасынан Индерге баратын жолды су басу қаупі қайта төнгенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар