Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Атырау облыстық аурухананың жөндеуі: екі жылда небәрі 30% жұмыс орындалған

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облыстық ауруханасының ескі ғимараттарына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысы тағы да созылды. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізіліп жатқандықтан, нысанның қашан пайдалануға берілетіні әзірге белгісіз.

Атырау облыстық аурухананың жөндеуі: екі жылда небәрі 30% жұмыс орындалған 
Фото: Атырау облысы әкімдігі

Облыстық аурухана ғимараттарына күрделі жөндеу жұмысы 2024 жылдың қарашасында басталды. Алғашында бұл жоба былтыр аяқталуы тиіс еді. Кейін уақыты 2026 жылдың тамызына шегерілді. Құрылыстың ұзаққа созылуы тұрғындарға кері әсерін тигізіп отыр. Өйткені, азаматтар бүгінде медициналық көмекті әр жерден алуға мәжбүр.

Атырау облыстық аурухананың жөндеуі: екі жылда небәрі 30% жұмыс орындалған
Фото: Атырау облысы әкімдігі

Денсаулық сақтау басқармасының ақпаратына сүйенсек, өткен жылы тамызда жұмыс уақытша тоқтатылып, жобалау-сметалық құжаттамаға түзету енгізу үшін қайта қарауға жіберілді. Құжаттаманы зерделеу барысында инженерлік шешімдерге, желдету жүйесіне, оттегімен қамтамасыз ететін орталықтандырылған жүйеге, сондай-ақ қазіргі заманғы медициналық мекемелерге қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін бірқатар функционалдық бөлмеге қатысты ескерту берілген.

Атырау облыстық аурухананың жөндеуі: екі жылда небәрі 30% жұмыс орындалған
Фото: Атырау облысы әкімдігі

— Түзетулер бастапқы жобада анықталған елеулі кемшіліктерге байланысты енгізілді. Атап айтқанда, жобада медициналық мекеменің заманауи санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті жұмыстардың көлемі қарастырылмаған. Қосымша жұмыстардың көлемі сметалық есепке енгізіліп, Бюджет комиссиясының мақұлдауынан өтті. Түзетілген ЖСҚ ақпараттық жүйеге жүктеліп, «Мемсараптама» ШЖҚ РМК-ға мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін жолданды, — деп мәлімдеді басқарма.

Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмысының орындалу деңгейі 30%, бұл қабылдау актілерімен расталған. Жұмыстың аяқталу мерзімі жобаның мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін айқындалады.

Жобаның жалпы құны — 3,6 млрд теңге.

Атырау облыстық аурухананың жөндеуі: екі жылда небәрі 30% жұмыс орындалған
Фото: Атырау облысы әкімдігі

Қазіргі уақытта сыртқы инженерлік желілерге қатысты жобалық құжаттама әзірленіп жатыр. Нысанның негізгі инженерлік жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін резервтік қуат көздерін қарастыру мәселесі қарастырылып жатыр.

Әкімдік көп жылдан бері облыстық аурухананың жаңа корпусын салуды да жоспарлаған. Қазіргі уақытта жаңа ғимарат жобаланып жатыр. Құжаттың қазіргі дайындық деңгейі 25–30%. Жыл соңына дейін жобалау жұмысын аяқтау жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Атырау облыстық ауруханасы 1967, 1998 және 2002 жылдары салынған үш ғимараттан тұрады. Аурухананың бірқатар бөлімшесі уақытша Сарыөзек ауылындағы модульдік инфекциялық ауруханаға көшірілген. Ал негізгі ғимаратта инсульт орталығы, травматология, нейрохирургия, хирургия бөлімдері мен сәулелік диагностика қызметі жұмыс істеп тұр.

Өңірде өзектілігін жоғалтпаған мәселенің бірі — онкологиялық диспенсерге жаңа ғимарат салу. Қазіргі уақытта бұл жұмысқа жауапты мердігер мекеме анықталған.