Атырау облыстық білім басқармасының басшысы қызметінен кетті

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облыстық білім басқармасының басшысы Ерлан Сламбековтің қызметінен кеткені белгілі болды.

Ерлан Сламбеков
Фото: Е.Сламбековтің әлеуметтік желідегі парақшасынан

Оның бұл лауазымға былтырғы шілдеде тағайындалғанын хабарлаған едік.

Ерлан Сламбеков Ерлан Талғатбекұлы 1983 жылы Теміртау қаласында дүниеге келген.

Түркияның Селжук университетін «тарих» мамандығымен бітірген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік педагогика университетінен тарих магистрі, Еуразия ұлттық университетінен педагогика және психология мамандығы бойынша PhD докторанты атанған. АҚШ-та Mindsteps TM және ASCD, Ұлыбританияның North London Grammar School-да, Астана, Алматы қалаларындағы білім беру орталықтарында тағылымдамадан өткен.

Биылғы мамырдан бері Білім және ғылым министрлігі «Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары лауазымын атқарған.

«Осыдан 7 ай бұрын Атырау жеріне тың идея, өміршең жобаларыммен қадам басып едім. Жеті ай көп те, аз да емес. Осы аралықта талай қиындықпен бетпе-бет келіп, жағымды жаңалықтармен бөлістім. Маңызды шешімдер қабылдадым. Оқу-ағарту министрлігі жүктеген міндеттер аясында біраз жұмыс атқарылды. Білім деңгейін көтеру, білім беру ұйымдарының жұмысын оңтайландыру мақсатында бірқатар жобаларды іске қостық», - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, жеке жоспарына байланысты өз еркімен облыстық білім беру басқармасы басшысы лауазымынан босатуға өтініш берген.

 

Соңғы жаңалықтар