Атырау-Орал трассасының 71-шақырымында жол үстімен су өтіп жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау-Орал трассасының 71-шақырымында жол үстімен су өтіп жатыр.

Атырау облысының жедел штабы
Фото: Атырау облысының жедел штабы

Атырау облысы жедел штабының ақпаратына сүйенсек, жолдың бұл тұсы Махамбет ауданының аумағымен өтеді. Жол мен Жайық өзенінің аралығы шамамен 6-7 шақырым.

«Махамбет және Ақтоғай ауылдарының аралығындағы жол бойына мол су жиналды. Соған байланысты кешкі сағат 21:05-те арнайы техникалармен Атырау-Орал трассасының 71-шақырымы тұсында жасақталған бөгетті ашу жұмысы басталды. Жайылымдық алқаптағы су батыс жағына жіберіліп жатыр», - деп хабарлады облыстық жедел штабтан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау-Орал трассасының Махамбет ауданындағы 56-шақырымы жырылғанын жазған едік.

Сондай-ақ, бүгін Атырау-Орал трассасының Махамбет ауданындағы 44-шақырымы жырылғанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар